Алматылық Яков Федоровтың қала ішіндегі көлік қозғалысына көңілі толмайды. Таңертең діттеген жеріне жету үшін сағаттап тар жолдағы кептелістерде тұруға мәжбүр. Ал осының себебін телімге таласқандардың түрлі бөгет қоюымен байланыстырады. Мәселен «тек біздің клиенттер үшін» деген немесе темір тұлпардың мемлекеттік нөмірі жазылған тақтайшалар әр мекеменің алдында самсап тұр.
Яков Федоров, блогер:
-Қазір бұл белгілердің жол жиегіне шығарылғанын көріп тұрмыз. Бірақ таңғы уақытта бірінші жолақта тұрып, қозғалысқа кедергі жасайды. Бұл — көлік кептелісінің пайда болу себептерінің бірі.
Дөкейлер өз көлігін осындай арнайы бекітілген орындарға еш кедергісіз қойса, өзгелері бос жер іздеп шыр айналуына тура келеді. Бірақ ортақ меншіктегі жерде тұрақтауға ешкімнің тыйым сала алмайтынын көпшілік білмейді. Осыны өз пайдасына асырған пысықайлар белгілерді жол үстіне шығарып қоюды әдетке айналдырған.
Медет Бесбаев, Алматы қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасының аға инспекторы:
– Мемлекеттік жер актісі болуы керек. Мемлекеттік жер актісі болған кезде ол жерде автотұрақ ұйымдастыруға болады деген жазу болуы керек. Сонымен қатар ол уақытша беріледі. Тұрақтауға болмайды, біздің клиенттер үшін дегенді қоюға болмайды.
Бірнеше күндік тексеру барысында оннан астам дәмхана мен бизнес орталықтарға тиісті ескертулер жасалып, әкімшілік хаттамалар толтырылды. Бірақ жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмеген басшылардың құжаттары аяқ астынан табылмай, қоластындағы қызметкерлерге жауап беруге тура келді.
–Жол инспекциясы мамандарының тексерісінен соң көше бойындағы тақтайшалар бірден алынып тасталды. Ал заңсыз автотұрақ ұйымдастырғандарға 10 айлық есептік көрсеткіш, яғни 18 мың 540 теңге көлемінде айыппұл салынды. Дегенмен айыппұл мардымсыз болғандықтан бұл тақтайшалар бүгін кешке-ақ қайтадан өз орнына келуі әбден мүмкін.