Алматыдағы колледжде болған жарылыстан жараланған студенттер шипажайға ауыстырылды - kaz.caravan.kz
  • $ 491.37
  • 570.48
+30 °C
Алматы
2026 Жыл
16 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Алматыдағы колледжде болған жарылыстан жараланған студенттер шипажайға ауыстырылды

Алматыдағы колледжде болған жарылыстан жараланған студенттер шипажайға ауыстырылды

Алматыдағы Сән және дизайн колледжінде болған жарылыстан зардап шеккен студенттер шипажайға ауыстырылды. Бірақ үшеуі жансақтау бөлімінен жақында ғана шығарылғандықтан, әлі де дәрігерлердің қадағалауында болмақ. Арнайы шипажайда кемінде 20 күнге созылатын физиотерапия нәтиже бермесе студенттерді еңбекке жарамсыз деп мүгедектікке шығару мәселесі қозғалуы мүмкін. Ал колледждің қос мұғаліміне қатысты тергеу амалдары әлі жалғасып жатыр.

  • 29 Қараша 2014
  • 500
Фото - Caravan.kz

Сән және дизайн колледжінде осыдан 11 күн бұрын граната жарылған еді. Бұл оқиғадан болашақ аспаздар зардап шекті. Солардың бірі – Максим Мякинький ауыр жарақат алып, бүгінге дейін ауруханада ем қабылдады. Енді беті бері қарап, өздігімен жүріп-тұра алады. Арқасы мен басына зақым келген бозбала жарылыстан соң есінен танып қалып, не болғанын білмейді.

Максим Мякинький, зардап шеккен студент:

-Хал-жағдайым жақсарып қалды. Ауруханаға келген кезіммен салыстырғанда денсаулығым дұрысталды. Қалай болғаны есімде жоқ. Мұғалім аудиторияда болды, ал жарылыстан соң көзімді бір ашсам, медициналық пунктте екенмін. Кейін ауруханадан бір-ақ шығыппын.

Оқу орнындағы оқыс оқиғадан соң медициналық көмек 14 студентке көрсетілген. Оның 12-сін жедел-жәрдем жеткізіп, білікті мамандар өміріне араша түсті. Бір қыз – 16 жастағы Светлана Яковлева алған ауыр жарақатынан сол жерде жан тапсырды. Ал кейін тағы екеуі №5 ауруханаға келген. Жарылыстың даусынан көбінің есту қабілеті нашарлап қалыпты.

Оңласын Ибекенов, Жедел көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:


-Есту қабілетінің барлығы жақсарды. Қазір өмірлеріне төнген қауіп жоқ. Майда-майда темір түйінділер бар денелерінде. Ол өміріне қауіп әкелмейді. Ол жұмсақ тәндерде болады. Ешқандай тамырлар, ешқандай ағзалардың қызметіне зиян тигізбейді. Олар денесінде қалады.

Колледждегі жарылысқа қатысты екі қылмыстық іс қозғалып, қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Ғабит Қарабалаев сол күні қамауға алынса, кейін оған дейін қызмет еткен Юрий Гавриленконың да істі болғаны айтылды. Бірақ тергеу құпиялығына байланысты қосымша ақпарат таратылмай отыр. Ал қатты зардап шеккен студенттер ауруханадан шипажайға жіберілуде.

-Осылайша жарылыстан зардап шеккен 14 студенттің үшеуі әлі де дәрігерлердің бақылауында қалатын болады. Ал өзгелері қосымша ем қабылдау үшін шипажайға жіберілген. Олардың денсаулығына бұл шара оң нәтиже етпесе, мүгедектік берілу жайлы сөз қозғалуы мүмкін. Бірақ дәрігерлер жас организм күреседі деген сенімде.