Жарияланды: 1700

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесi: 10 жасар Ақжол мінген сәйгүлік оза шауып, бас жүлдені олжалады

«Алтын тұлпар» аламан бәйгесi: 10 жасар Ақжол мінген сәйгүлік оза шауып, бас жүлдені олжалады

Ақмола облысына қарасты Қабанбай батыр ауылында, Қаракерей Қабанбай батырдың кесенесi маңында өткен "Алтын тұлпар" аламан бәйгесi 100-ден астам жүйрiктiң iшiнен нағыз тұлпарды анықтады. 51 шақырымды құрайтын 4 айналымда астындағы тұлпарының күшін сақтап, бәйгенiң 3 айналымы бойы "әдейi" көзге түспей, соңғы минуттарда жүйрiгi "Шаманды" қамшылап, желдей жүйткіген Ақжол Жұматай бәйгенiң бас жүлдесін жеңіп алды.

"Жасым онда. Бәйгеде қатты қорыққан жоқпын. Бұл атты бұрыннан бiлемiн, өзiмнiң досымдай", - дейдi шабандоз Ақжол.

Бір айта кетерлiгi, бәйгенi көруге жиналған халық санында есеп болмады. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай ұйымдастырылған бәйге расымен қазақтың ат шаптырып, ас берiп, далада думандататын байырғы салтын көзге елестеттi. Ал, озық технологияларды орайымен пайдаланған ұйымдастырушылар бәйге өткен жерге екi үлкен экран орнатып, жарыс жолында әр екi шақырым сайын камера қойған. Соның арқасында, 12,5 шақырым болатын әр айналымда ат сүйер қауым қай тұлпардың оза шауып келе жатқанын анық көрiп отырды. Оның үстiне, бәйге барысын бастан-аяқ екi тiкұшақ төбеден бейнекамераға түсiрiп жүрдi.

Ал, аламан бәйгеге кiм атын қосты дегенге келсек, жарыс ережесiне сай 14 облыс пен Алматы және Астана қалалары аламанға әрқайсысы он тұлпар қоса алатын болды. Ұлттық спорт түрлерi қауымдастығының президентi Бекболат Тiлеухан атап өткендей, «Алтын тұлпар» аламан бәйгесінің биылғы жүлде қоры 23 млн. теңгенi құрайды, соның iшiнде, бас жүлде иесiне 10 млн. теңге берiледi. Барлығы, мәреге алғаш жеткен  9 тұлпар диплом мен ақшалай жүлдеге ие болды.

"Халқымыздың сан ғасырлық ұлттық спортын жаңғыртқан "Алтын тұлпар" республикалық турнирі өткен жылы "Нұр Отан" партиясының қолдауымен бiрiншi рет ұйымдастырылған едi. Сол дәстүр елiмiздiң айтулы мерекесi -Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында жалғасын тауып отыр. Елбасы 2050 стратегиясында ұлттық мәдениетiмiз бен дәстүрiмiздi ұлылығымен қосып қорғауымыз керек деп атап өткен болатын. Саяси доктринасында дәстүрдi дамытуды басым бағыт еткен "Нұр Отан" партиясы ұлттық өнер мен спортты тұрақты қолдап келедi. Жақында ғана, партияның демеуiмен елорда iргесiнде «Теңге iлу» мен «Асау үйретуден» Азия чемпионаты өтті. Ал, аламан жарыстың батыр бабамыз - Қабанбай батыр кесенесiнiң жанында өтуi де үлкен мәнге ие. Халқымыздың бiрiгуi мен iргелi ел болуына Қабанбай батырдың қосқан үлесі зор. Бүгiн өтiп жатқан бәйгенiң де басты мақсаты - халқымыздың рухын көтеру, бiрлiгiн нығайту. Сонымен қатар, осы спорт түрiн ұлттық брендке айналдыру. Сол арқылы жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарға деген құрметтi ояту", - дедi жас жүйрiктердi қарсы ала отырып, "Нұр Отан" партиясының хатшысы Фархат Қуанғанов.

Бiрiншi орын алған "Шаман" атты тұлпардың иесi болса бүгiн баланың да бағы жанған, жүйрiктiң де бабы келiскен күн болды дейдi қуанышымен бөлiсе отырып.

"Бәйге бойы тұлпарым мен Ақжол көзге көрiнген жоқ, оза шапқан жоқ. Екеуi де салмақтылық танытты. Жалпы, аламан бәйге атты да, адамды да сабырлыққа үйрететiн бәйге. Бүгiн аттың да, баланың да бағы жанды. Жылқы мықты болу керек, бiрақ, үстiндегi шабандозы одан да мықты болу керек. Күрең төбел ат пен Ақжол бұрыннан бiрiнiң сырын бiрi бiледi. Ақжол бұл жылқыны өзі суарып, өзi жемдеп, оның досына айналған десем болады. "Шаманның" үлкен жарыстарда озуы - алғаш рет", - дейдi "Шаманды" баптап әкелген Есболат Шыңтасев.

"Ат сүйер қауым. Өзiнiң ұлттық дәстүрiн әспеттеген ағайын! Ат дегенде арқасы қозған ағайын, мына ақ көңiлдерiңiзге рахмет! Бiр аптада үш рет бәйге алған атақты Өксiкбайдың "Қозыкүрең" дейтiн аты болған, сол "Қозыкүреңнiң" бел баласындай бүгiн Қордай өңiрiнен келiп, мерекемiздiң әрiн кiргiзген тұлпар мен шабандоз балаға рахмет. Елдегi тыныштықтың, бейбiт күннiң арқасында шапқан атымыз бәйгеден келiп жатыр. Бүгiн ұлттық дәстүрiмiз салтанат құрған күн. Кешегi Қозыбасыда ту тiккен Керей мен Жәнiбектiң туындай байрағымыз Астанада желбiреп, арқамызды қоздырып жатыр. 550 жыл емес, 5 мың ғасыр тарихы болатын Мәңгiлiк елге айналайық", - дедi бәйге иесiне 10 млн теңге, тұлпарына алты жабу жапқан Б.Тiлеухан.

Сонымен, "Алтын тұлпар" аламан бәйгесiнiң тоғыз жүлделi орнын алған шабандоздар мен жүйрiктер мыналар:

9-орын - Асылхан Бекiшев, аты "Қасқалдақ", Алматы облысы, 400 мың теңге;

8-орын - Диас Тұрғанов, аты "Найзағай", Алматы облысы, 500 мың теңге;

7-орын - Нұрболат Айдарлы, аты "Бойтұмар", Жамбыл облысы, 700 мың теңге;

6-орын - Думан Жанша, аты "Аққағаз", Қарағанды облысы, 800 мың теңге;

5-орын - Қуатбек Едiл, аты "Трактор", Жамбыл облысы, 900 мың теңге;

4-орын - Еркебұлан Ермағамбетов, аты "Бекторы", Қарағанды облысы, 1 млн теңге;

3-орын - Олжас Қойшыбек, аты "Жаннұр", Алматы облысы, 3 млн теңге;

2-орын - Мейiрхан Дәлелов, аты "Бейбарыс", Павлодар облысы, 5 млн теңге;

1-орын - Ақжол Жұматай, аты "Шаман", Жамбыл облысы, 10 млн теңге.


null


 
null
 

null
 

null


null
 

null
 

null
 

null
 

null
 

null
 

null
 

null


null
 

null
 

null


null
 

null
 

null
 

null
 

null

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін