Бұл туралы Aktobenews.kz хабарлайды.
Кездесуге келгендер танымал продюсер әрі тележүргізушіні сұрақтың астына алды.
«Мен анама мұғалім болғым келмейтінін, керісінше, шығармашылықпен айналысқым келетінін қалай түсіндіре аламын?», — дейді Баян Мақсатқызының ақтөбелік фанаттарының бірі.
«Менің де басымнан өткен жайт. Анамның арманы — менің мұғалім болуым еді. Оралдағы педагогикалық училищеде оқығым келмеді. Содан, әке-шешеме айтпай, оқудан шығып, театр институтына құжаттарымды тапсырдым. Өйткені, өзімді мұғалім ретінде елестете алмадым, менің де арманым әртіс болу еді», — деп жауап қатты продюсер.
Баян Мақсатқызы келесідей кеңес берді.
«Мамандық таңдауда қателессем, анама ренжімейтінімді айттым. Тек кедергі болмаса, алғыс білдіремін дедім. Анамыз бізге жақсы болсын дейді.
Дегенмен, аналарды тыңдай берудің қажеті жоқ.
Әрине, сендерге дұрыс кеңес беріп отырғаным жоқ. Сонда да, мамандықты өздерің таңдауларың керек. Аналарымыз біздің маңдайымызға бір құдайдың не жазғанын біле отыра, неліктен кедергі болады екен?», — деді продюсер.