Жарияланды: 390

Анимациялық фильмдеріміз тіпті ресейлік туындыларға бәсеке бола алмай жүр

Алматыда анимациялық фильмдер фестивалі басталды. Елімізде алғаш ұйымдастырылып отырған шараға отандық аниматорлар 10-нан астам жұмысұсынып отыр. Әзірге олардың туындыларын тек көрермендер бағалауда. Мультипликаторлар бәсекелестік үшін емес, еліміздегі анимация бағытын дамыту үшін бас қосып отырғандарын айтады.

Отандық анимация ізденіс үстінде. Бүгінде елімізде жылына тек 5 анимациялық фильм түсіріледі екен. Алайда олардың өзі әзірге голливуд тұрмақ,көршілес Ресейдің туындыларына бәсеке бола алмай жүр. Мұны жергілікті мамандар да мойындап отыр.

Ғали Мырзашев, Қазақстан аниматорлар қауымдастығының президенті:

- Қазақстанда 20-30-ға жуық түрлі анимациялық студиялар бар. Бірақ олар әзірге шығармашылықты емес, пайда табуды көбірек көздейді. Біз осы аниматорлардың басын қосып, бұл бағытты одан әрі дамыта түссек деп ойлаймыз.

Дегенмен отандық аниматорлардың барлығы пайданы көздейді деп айтуға болмайды. Себебі елімізде «Ер-төстік және Самұрық құс» атты жаңа толықметражды 3Д мультфильмі дайындалуда. Оның түсіріліміне мамандар анимациялық технологиялардың соңғы жетістіктерін қолданып отыр.  Аниматорлар бұл еліміздегі ең үздік жоба болатынына сенімді. Осыған байланысты ұйымдастырушылар фестивальге де «Ер-төстік» деген ат берген. 

Ермек Аманшаев, «Қазақфильм» АҚ-ның президенті:

- Болашақта  фестивальдің дәстүрлі шараға айналатынына үміттенеміз. Жыл сайын осы жерде жиналып, жетпей жатқан тұстарымызды  айтып, жетістіктерімізбен бөлісеміз.

Фестивальге сонымен қатар шетелден де қонақтар келіп отыр. Олар жергілікті аниматорларға бұл саладағы соңғы жетістіктерді жеткізіп, дәріс беру үшін шақыртылған. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін