Жарияланды: 420

«Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Шыңғырлау ауданы орталығы ауыз сумен қамтылмақ

«Ақбұлақ» бағдарламасына сәйкес Шыңғырлау ауданы орталығы ауыз сумен қамтылмақ.

Аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бастығы Сағынғали Имашевтің айтуынша, аудан әкімі Айболат Сейтақов бұдан бір жыл бұрын келгеннен бастап-ақ ауданның тыныс-тіршілігімен жете танысып, өңірде ауыз судың тапшылығына көз жеткізіп, ең бірінші көкейтесті осы мәселені жолға қоюды мақсат етіп қойған болатын. Алғашқы қадамдар жасалып, көптеген ауылдардың су құбырлары жөнделіп, тазаланып, ауыз судың берілуі осыған дәлел. Енді халқы көп аудан орталығына таза су жеткізу міндеті тұр. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің, батысқазақстандық Сенат және Мәжіліс депутаттарының қолдауымен «Ақбұлақ» бағдарламасына сай республикалық бюджеттен қомақты қаржы бөлінді. Қысқа мерзімде осы су құрылысын жүргізуге сметалық-жобалық құжаттары жасалып, облыстық құрылыс басқармасында конкурс өткізілді. Оған 12 жеке кәсіпкерлік мекемелер қатысты. Тендер қорытындысына сәйкес Орал қаласындағы «Әлім» ЖШС-і су құрылысын жүргізу құқына ие болды, олармен келісім-шарт жасалды. Енді аталмыш құрылыс мекемесі маусымның алғашқы аптасынан кейін Ардақ-Шыңғырлау су құбыры құрылысын бастап кеткелі отыр. Осыған орай бұл жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалау үшін қоғамдық топ құрылмақ. Бұл құрылыс жоспар және мониторинг бойынша алдағы жылы басталуы тиіс еді. Елбасы бастамасымен қолға алынған «Ақбұлақ» бағдарламасы арқасында бұл жұмыс бері жылжыды. Жоба бойынша құбыр тарту сегіз ай жүргізілетін болса, құрылысшылар алдағы желтоқсан айында тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай мерзімінен бұрын аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть