Ақмола облысында 216 миллионға тартылған су құбыр түгел мұзға айналды - kaz.caravan.kz
  • $ 472.48
  • 550.06
+12 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Ақмола облысында 216 миллионға  тартылған су құбыр түгел мұзға айналды

Ақмола облысында 216 миллионға тартылған су құбыр түгел мұзға айналды

Ақмола облысында бүтін бір елді мекен ауыз сусыз отыр. Айдарлы ауылына 216 миллион теңгеге тартылған су құбыры аязда қатып қалған. Инфрақұрылым желтоқсан айында ғана іске қосылыпты. 70 жыл тіршілік нәрін тасып ішкен жұрт бірінші рет тартылған магистраль тауқыметті түбегейлі шешер деп сенген еді. Алайда 1 ай ғана келген су аяз қысқан кезде зым-зия жоғалды. Қазір мұндағы мектеп пен балабақша да сусыз отыр.

  • 13 Наурыз 2015
  • 306
Фото - Caravan.kz

Айдарлы ауылының тұрғындары жаңа су құбыры тартылып біткенде 70 жыл көрген қиыншылықтарын бір сәтте ұмытқан. Бірақ олардың қуаныштары ұзаққа бармады. Бұ құбыр аязда тегіс қатып қалды. Қыс ішінде ауыз сусыз қалған жұрт талай басшының табалдырығын тоздырғанымен, нәтиже жоқ.

Кәркен Кәрімов, Айдарлы ауылының тұрғыны:

-Су тартқанда бәріне қосты ғой. Содан қатып қалды. Жалынып-жалпайып, анау Қошқарбайдан тасимыз. Өзім Зерендіге барсам 1 фляг ала келем, қалаға барсам қаладан әкелем. Әйтеуір өлместің күнін көруіміз керек қой…

Гүлнәр Кәкімова, Айдарлы ауылының тұрғыны:

-Шамасы келгендер трактормен әкеледі. Зерендіден, Чаглинкадан, аннан-мыннан балаларымыз әкеп береді. Өте қиын. Осы мәселені ешкім шешпейді. Білмеймін басшылар не ойлайтынын?Қаншама мемлекет қаржысына салып еді Айдарлыға.


216 млн теңгеге құбыр тартқан «Байсын» компаниясы бұған дейін екі рет келіп жөндеген сыңай танытқан. Қазір тұрғындардың өздері қыстай суағарларды қыздырумен әлек. Ал коммуналдық қызмет бөліміндегілер 2 жыл кепілдік берген мердігерді таппай жүр.

Серік Тәшімов, «Зеренді сервис» МКК директорының орынбасары:

— Мердігерді күтіп отырмыз. 150 метр жердегі суды жылытуға жағдай жоқ бізде қазір. Келуге тиісті 1-2-3 күнде.

— Мердігер қайда?

— Астанада. Басқа қолданатын техника жоқ.Оны қайта қазып, жылыту керек.

Бәрінен бұрын ауыл мектебі мен балабақшаға қиын. Балалардың қолдары мен ыдыс аяғын жууға кейде бір тамшы су да болмай қалатын көрінеді.