Жарияланды: 820

АҚШ пен Қазақстан арасында қару таратпау саласындағы ынтымақтастықты нығайту бейбітшілік мүддесіне сай келеді - АҚШ сенаторы

АҚШ пен Қазақстан арасында жаппай қырып-жоюға арналған қаруды таратпау саласындағы ынтымақтастықты нығайту қажет. Бұл - дүниежүзіндегі бейбітшілік мүддесіне сай келеді. 31-шілдеде Вашингтонда өткен ҚР энергетика және минералды ресурстар министрі Владимир Школьникпен және ҚР-ның Қазақстандағы елшісі Қанат Саудабаевпен кездесуде АҚШ сенаторы Ричард Лугар осындай мәлімдеме жасады.

АҚШ сенатының халықаралық істер жөніндегі комитетінің төрағасы болып табылатын Р.Лугар ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кеңес Одағынан мұраға қалған ядролық және халықты жаппай қырып-жоюға арналған басқа да қару түрлерінен бас тарту жөніндегі шешімін жоғары бағалады. Сондай-ақ, ол қарусыздану саласындағы өзара ынтымақтастық жөніндегі бірлескен бағдарламаны жүзеге асыру барысында 10 жылда қол жеткізілген ілгерілеушіліктерге қанағаттанарлық баға берді. АҚШ-тың танымал саясаткерінің атап көрсетуінше, әсіресе "Сапфир" атты бірлескен жобаға жоғары баға беру дұрыс. Аталмыш жоба аясында 1994-жылы Қазақстаннан АҚШ-қа 600 кг жоғары байытылған уран шығарылды. Р.Лугардың пікірінше, АҚШ пен Қазақстан арасындағы қарусыздану саласындағы ықпалдастық тәжірибесі халықаралық күрделі қайшылықтарды шешуде үлгі болуы тиіс. Әңгіме-дүкен барысында екі ел арасындағы осы бағыттағы ынтымақтастықтарды одан әрі нығайтудың маңызы атап көрсетілді. АҚШ-тағы ҚР елшісі Қанат Саудабаев президент Нұрсұлтан Назарбевтың Р.Лугар мырзаға өзіне қолайлы мерзімде Қазақстанға келіп қайтуға шақырған жолауын табыс етті. АҚШ пен бұрынғы Кеңестік Республикалар арасындағы Өзара қауіп-қатерді азайту жөніндегі бірлескен бағдарлама бойынша ынтымақтастықтың іргетасын қалаған заңның жобасы 1992-жылы сенаторлар Р.Лугар мен С.Нанның бастамасымен жасалған болатын. Қазір бұл бағдарлама Нанн-Лугар бағдарламасы деген атаумен белгілі. Содан бері Қазақстаннан әрқайсысының қуаты 1 мегатонн тротил эквивалентіне тең 1100 ядролық оқтұмсық шығарылып, 500-ге жуық ядролық сынақ өткізілген Семей ядролық полигонының инфрақұрылымы жойылды, Степногорск қаласындағы биологиялық қару өндіру зауыты істен шығарылды. Сондай-ақ, бұдан басқа да ондаған жоба жүзеге асырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть