Жарияланды: 600

Ақтөбе облысында медициналық нысандар құрылысы аяқсыз қалмайды - облыстық денсаулық сақтау басқармасы

Ақтөбе. 18 қараша. "Қазақстан Бүгін" - Ақтөбе облысында медициналық нысандар құрылысы аяқсыз қалмайды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр мәлім етті, деп хабарлайды агенттік тілшісі.

"Бүгінде өңірде "100 аурухана" бағдарламасының аясында бес ірі медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде, олардың біреуінің тұсауы осы жылдың желтоқсан айында кесіледі. Жылдың аяғына дейін Ойыл аудандық орталық ауруханасы 60 төсекті емханамен қоса кешенді түрде жалпы құны 671 млн теңгеге пайдалануға беріледі", -деді Қ. Сабыр. Тұсаукесерлердің басым бөлігі 2009 жылы өткізіледі, дейді басқарма бастығы. Мәселен, 2009 жылдың аяғына таман облыста екі бірдей қалалық емхана пайдалануға беріледі. Олардың әрбіреуінің құны 1 млрд 350 млн теңгені құрайды. Бұл барлық қажетті медициналық техникамен жабдықталған үш қабатты типтік ғимарат болмақ. Сонымен бірге, келесі жылы облыста 17 отбасылық дәрігерлік амбулаторияның тұсаукесері өткізіледі. Олардың әрбіреуінің құны бюджетке 75 млн теңгеге түспек. Қ.Сабырдың айтуынша, 2010 жылы Ақтөбеде жаңа жедел жәрдем станциясы мен Шұбарқұдық ауылында ауысымда 250 адамға есептелген емхана салынады. Жобалардың құны - 1,7 млрд теңгеге тең. Сондай-ақ, "100 аурухана" бағдарламасының аясында 2010 жылы құны 10,5 млрд теңгені құрайтын облыстық ересектер ауруханасын ашу көзделген. Ол 10 гектар аумақта орналасады. Сонымен бірге жалпы құны 6 млрд теңгеге 200 төсекке есептелген облыстық балалар ауруханасы пайдаоануға беріледі, ол 8 гектар аумақты иемденеді. Барлық жобалар республикалық бюджеттен қаржыландырылады. "Облыста жаңа нысандар пайдалануға берілген соң медициналық нысандар қоры 60%-ға жаңаланады", - деді Қ. Сабыр. Ақпаратты пайдаланған жағдайда "Казахстан Сегодня" ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін