Көптоғай ауылының тұрғындары бірер күн бұрын қара бұлтша қаптаған үйірлі шегірткенің ұшып келгенін айтады. Бұрын-соңды Ойылда кездеспеген зиянкестің бұл түрі Батыс Қазақстан облысының аумағынан көшкен. Алғашында жергілікті халық түтін қойып қумақ болған екен. Кейін облыс орталығынан мамандар келіп, қырық мың гектар аумақты улады. Енді олар шегіртке қонған жайылымды тағы бір мәрте тексеріп көрмек. Себебі жұмыртқалап үлгерсе, келер жылы дернәсіл маусымында тағы улауға тура келеді.