Жарияланды: 330

Ақтөбе облысындағы қатаң тәртіптегі түрме алғаш рет сырттан келгендерге есігін айқара ашты

Ақтөбе облысындағы қатаң тәртіптегі түрме алғаш рет сырттан келгендерге есігін айқара ашты. Мереке күні колония басшылары жазасын өтеушілерге жақындарымен кездесіп, мауқын басуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ, жабық мекеменің жағдайымен танысты. «Көк бөрі» деп аталатын бұл түрменің айналасында алып-қашпа әңгіме көп.

Жем қаласындағы қатаң тәртіптегі бұл түрмеде қазір алты жүзге жуық адам жазасын өтеуде. Барлығы дерлік ауыр қылмыс жасап, кейбірі бірнеше рет істі болған. Олардың алды 5 жылдан, 25 жылға дейін сотталған.

Мұндағылардың бар арманы- еркіндік. Сондықтан болар, торда ұстауға көнбейтін қасқырды нышан етіп, тастан қашап ескерткіш орнатып қойған. «Көк бөрі» деп аталатын бұл түрмеде тәртіп қатаң. Бұрын колониядағы билік жазасын өтеушілердің арасындағы мықтылардың қолында делінетін. Бірақ жабық мекеме басшылары оны аңызға балап отыр.

Әбілсейіт Дәуітов, 168/5 түзету мекемесі бастығының орынбасары:

- Ол аңыз деп есептеймін. Бізде бәрі тәртіпке, бәрі заңға сәйкес. Режимге сәйкес. Режиммен жұмыс жүргіземіз. Күн тәртібін бұзуға жол бермейміз.

Дәрежеге қарай алалаудың келмеске кеткенін сотталғандардың өздері мойындайды. Тәртіпке бағынсаң ерте еркіндікке шығуға болатынын олар жақсы түсінеді.

Данил Ахметжанов, жазасын өтеуші:

- Енді жақсы мұнда. Қинамайды, соқпайды, ұрмайды. Әйтеуір, өзің түзу жүрсең болды.

Сотталғандардың киімі бүтін, қарны тоқ. Десе де, жақындарымен қауышудан артық қуаныш жоқ. Тәртіптеріне қарай 3 айда 1 рет туыстарымен көрісуге мүмкіндік бар. Ал мерекеге орай басшылық кезектен «ашық есік» күнін жариялап, тіпті арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырыпты.

Жазасын өтеушілердің арасында жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Күні бойы саппен жүруден мезі болғандар, спорттық секцияларға өздері сұранады екен. Ал мына екеуі жұрт қатарлы концерт көріп, доп та қуа алмады. Бұзықтық жасағаны үшін көпшіліктен оқшауланған.

Колония басшыларынан жұмыс сұрайтын сотталушылар көп. Себебі, тиын ғана төлесе де, бос отырғылары келмейді. Бірақ түрмеге кеп кәсібін ашуға бизнесмендер құлықсыз. Арзан жұмыс күші болғанымен, кезінде әскери қалашық болған Жемге қатынауды қиынсынады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін