Жарияланды: 400

Ащысайдың ащы шындығы туралы деректі фильм шықты

Ащысайдың ащы шындығы деректі фильм болып жарыққа шықты. Оңтүстік Қазақстан облысындағы әйгілі Қорғасын-мырыш комбинатында 1965 жылы болған оқиға туралы екінің бірі біле бермейді. Қазақтарды шеттету, қыспаққа алу, кемсіту секілді әділетсіздіктерге шыдамаған осы өндіріс орнының инженерлері КСРО саясатына алғаш боп қарсы шыққандардың қатарынан еді. Көп зерттелмей жүрген сол оқиға туралы тарихи-деректі фильм бүгін көпшілік назарына

ұсынылды.

Ащысайдағы оқиға өз заманында үлкен дүрбелең туғызған. «Қой бағудан басқаны білмейсіңдер» деген келемеж сөзді былай қойғанда, жұмыстың ең ауырына жегіліп, баспана кезегі, шипажайға жолдама алуға келгенде соңғылардың қатарына әрең ілігетін қазақтар әділетсіздікке шыдамай, бас көтереді. Әнуархан Әйменов бастаған 43 адам Қонаевтың өзіне хат жазып, кабинетіне кіріпті. 

Мәмбет Қойгелді, тарих ғылымдарының докторы:

-  Олар ащы шындықты, облыстық партия комитетіне, партияның орталық комитетіне, Мәскеуге мойындатты. Ол бір факт. Бірақ, өкінішке орай, екінші нәрсе, шындық жеңді, әділеттік жеңді деп айту қиын. Ол одан кейін де жалғасып жатты, жаңағы сорақылық, жаңағы қиянат. Әнуархан Әйменовтің өлімі соның айғағы.

Қазақ инженерлерінің осы әрекетінен кейін КСРО-ға танымал комбинаттың кадр саясатына айтарлықтай өзгеріс енгізілді. Тараканов деген директоры қызметтен алынып, орнына қазақ азаматы келеді. Өзге де басшылық орындарға қандастарымыз қойыла бастайды. Жаңа фильмде ұлт намысын биік ұстаған сол азаматтардың ерлігі жайлы айтылады.

Нұргелді Садығұлов, «Арпалыс» фильмінің режиссері:

-  Қазақтың кадрлары жөнінде және де өндіріс жөніндегі деректі фильмдердің біріншісі болып «Арпалыс» фильмі шығып жатыр. Бұл фильмді тек қана деректі фильм ретінде емес, және де алда көркем фильм ретінде, әлде телехикая ретінде жасаса да үлкен бір жұмыс болады деп ойлаймын.

Алғашқы көрсетілімге атышулы оқиғаның ортасында болған куәгерлер, тарихшылар, кино мамандары, сондай-ақ, кезінде қандастарымыздың бас көтеруіне ұйытқы болған Әнуархан Әйменовтің қос ұлы да қатысты. Тың туындыны жоғары бағалаған олар енді бұл фильмнің үлкен ғылыми еңбектерге бастау болғанын қалайды. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін