Өзінің екі дүниеде де жоқ екенін естіп әбден абдырап қалғанҮміт Серғазина не күлерін, не жыларын білмейді. Ол жеке кәсіпкерлерге берілетін ескі куәлігін жаңасына ауыстырмақ боп жақында салық департаментіне барған. Сол жерде әлдеқашан марқұм болғанын білгенде есінен танып қала жаздапты. Жер басып жүргеніне қарамастан құзырлы орган кәсіпкерді соңғы 13 жылдан бері өлілердің қатарына қосып қойған.
Үміт Серғазина, Астана қаласының тұрғыны:
—Қағазды мен алып оқығанда өліп қалды деген жазу тұр. Мен 13 жыл сауда істеймін. Салық төлеймін. Менің ақшам қайда кетіп жатыр? Сол қағазды кім жазды? Соның бәрі маған сұрақ болып тұр.
Енді әуре-сарсаңға түскен әйел шенеуніктерді сотқа беріп жарты миллион теңге моральдық өтемақы талап етпек. Ал басы дауға қалған елордалық салықшылардың өздеріне шаң жуытқысы жоқ. Жайсыз жәйтті техникалық ақаумен түсіндіріп отыр.
Ажар Буданова, Астана қалалық салық департаментінің жетекші маманы:
— Сол кездегі техникалық ақау кезінде болған. Салық органының бұл жерде қателігі жоқ.