Пәтердің әділ бөлінуін талап еткен астаналықтар Тұрғын-үй басқармасына келіп шу шығарды. Өйткені, олар 2008 жылы мемлекеттік бағдарлама бойынша, салынып жатқан үйлерге кезекке тұрған. Бірнеше мәрте іріктеуден де өтіпті. Алайда арман болған шаршы метрлерге қолдары жетер емес.
Фатима Ахметбекова, Астана қаласының тұрғыны:
-Далада қаңғып жүрміз. Менің күйеуім 50-де, менің өзім 46-ға келем. Балаларым ержетті. Қашанғы баспанасыз жүрем?Өміріміздің жартысы өтті. Қашан баспаналы боламыз, мен түсінбеймін.
Оның үстінеөздері қатысқан бағдарлама жабылғалы жатыр екен. Осының кесірінен, баспанадан үмітті 2000 адам далада қалғалы тұр. Алайда, шенеуніктер ашулы топты сабырға шақырып, басталған құрылысты бітіруге уәде берді. Бірақ оның қашан аяқталатынын өздері де білмейді.
Асхат Елеужанов, Астана қаласы Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары:
-Бұл адамдар 2008-2010 жылдары мемлекеттік баспана кезегіне тұрған. Қазір 1.980 тұрғын қалып отыр. Құрылыс қалай бітеді, пәтерлерін береміз.
Осылай деп басқармаға басып кірген наразы топты шенеуніктер арқадан қағып шығарып салды. Әйтсе, олардың уәдесіне жұрт сенбей отыр.
Майра Алшынбаева, Астана қаласының тұрғыны:
-Мейрам сайын аласыздар деп арқамыздан қағып жіберіп жатыр. Біреуге мамырда, маусымда береміз деген. Әлі жоқ. Әркім әр түрлі жауаптар алып жатырмыз. Маған күтіңіз деді. Қанша күтетінімді Алла біледі.
Жалпы, баспана зары жалғыз астаналықтардың басындағы қиындық емес. Мыңдаған қазақ қазір кісі есігінде күнелтіп жүр. Енді қараша халықты қайғыға салған баспана мәселесін шешу келер жылдан бастап жаңа бағдарламамен жүзеге асырылмақ. Бюджеттен бөлінетін миллиардттарға 1 жарым млн. шаршы метр пәтер тұрғызылмақ. Оны кез-келген азамат алғашқы жарнасыз,1-2 пайызбен жалға сатып алады.
Бақытжан Сағынтаев, ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары:
-Жаңа бағдарлама бойынша, баспана алу үшін жергілікті әкімдіктерде кезекке тұру қажет. Баспаныздардың саны өте көп. Аймақтарда кезекте тұрғандардың саны 300 мың адамды құрайды.
-Сағынтаевтың бұл мәлімдемесі баспанасыз жүрген халықтың көңілін көншіте ала ма? Оны уақыт көрсетер. Әзірге пәтерін күте-күте шыдамы таусылған бір топ Елорда тұрғындары 16 желтоқсанға дейін уәде етілген пәтерлерін алмаса, қалалық әкімдік алдына наразылыққа шықпақ.