Жарияланды: 420

Астанада мұнайгаз саласындағы тендерлер өткізу жөніндегі АҚШ тәжірибесін зерттеуге арналған оқыту семинары өтеді

Тамыздың 5-7 күндері Астанада Орталық Азиядағы табиғи ресурстарды басқару жүйесін жетілдіру жөніндегі ЮСАИД бағдарламасы (NRMP) АҚШ-тың табиғи ресурстарды басқару қызметімен (MMS) бірлесе отырып мұнайгаз саласындағы тендерлер өткізу жөніндегі АҚШ тәжірибесін зерттеуге арналған оқыту семинарын өткізеді. Бұл туралы KZ-today тілшісіне NRMP бағдарламасының бұқарамен байланыс жөніндегі бөлімінен хабарлады.

Семинар АҚШ мұнайгаз ресурстарын игеру бағытында MMS тарапынан тендерлер өткізу тәжірибесімен тыңдаушыларды таныстыру мақсатын көздейді. Семинарға ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі мен "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның өкілдері қатысады. Шараға қатысушылар геологиялық және геофизикалық мәліметтерді сатып алу, теңіздегі блоктарды жалға алуға тендерлер өткізу тәртібі, тендерлік процессті модельдеу, MMS іс-қызметі тәрізді мәселелерді сарапқа салады. NRMP бағдарламасының мұнайгаз жобаларының жетекшісі Дэвид Баркердің айтуынша, "мұндай семинар өткізу - мемлекеттік мекеме өкілдерін мұнайгаз саласындағы тендерлер өткізу тәжірибесімен таныстыруға септігін тигізеді. Каспий теңізінің Қазақстандық бөлігін игеру бағдарламасы таяуда ғана қабылданғаны мәлім. Соған сәйкес теңіздегі блоктарды игеруге тендер жарияланғалы отырған қазіргі таңда семинар тақырыбының маңызы мен өзектілігі арта түспек". Сонымен қатар, MMS өкілдері семинарға қатысушыларды теңіздің тереңіндегі кеніш көздерін игеруге ынталандыру бағытындағы АҚШ тәжірибесімен таныстырмақшы. MMS сыртқы байланыс қызметінің жетекшісі Ральф Эйнджер : "мұндай ынталандыру бағдарламасын Каспий теңізінде де қолдануға болады. Сондықтан да бұл концепция Қазақстандық мамандардың қызығушылығын тудырып теңіздің тереңіндегі кен көздерін игеруде қолданыс табады деген үміттемін" ,- деді. Аталмыш семинар табиғи ресурстарды басқару процессін жетілдіру мақсатымен мемлекеттік мекеме өкілдеріне арнап NRMP бағдарламасы өткізіп отырған семинарлар топтамасының бір құрамды бөлігі болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть