Жарияланды: 820

Астанада үкіметтің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті

Кеше, 17-наурызда ҚР ақпарат министрі Сауытбек Әбдрахмановтың төрағалық етуімен Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің кезекті мәжілісі өтті. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Мәжілісте Атырау және Шығыс Қазақстан облыстары әкімдіктерінің жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің қызметі және діни жағдайлар туралы есеп тыңдалды. Кеңестер негізінен өздеріне жүктелген еліміздегі конфессияаралық қатынастар мен діни саладағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырумен айналысады. Кеңеске діни құрылымдармен өзара әрекеттің қолданылмаған түрін жетілдіру, азаматтық келісім мен конфессияаралық қатынастың тұрақтылығын нығайтуға бағытталған іс-шараларға әр түрлі конфессия өкілдерін кеңінен тарту, діни сенім еркіндігі саласындағы заңнамалардың сақталуына бақылауды күшейту, шетел миссионерлері мен діни бірлестіктердің қызметіне мониторинг жүргізу, діни ұйымдардың көшбасшыларын, Кеңес мүшелерін, ғалым-дінтанушыларды рухани мәселелер бойынша, қазіргі қоғамдағы діннің орны , діни радикализим мен экстремизм идеяларының мәнін ашу мақсатында БАҚ-тарда жиі көрінуін тәжірибеге енгізу ұсынылды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының (ҚМДБ) төрағасы, Бас муфти Әбсаттар Дербісәлі қажы кеңес мүшелерін 2004 жылғы қажылық сапар барысы мен алдағы міндеттерден хабардар етті. Ақпаратты талқылау барысында қазақстандық тәуіп етушілердің Мекке мен Мәдинаға сапарын ұйымдастыру кезіндегі ҚМДБ басшылығының оң сипаттағы рөлі атап өтілді. Діни басқармаға Кеңес жанында жұмыс жүргізетін тәуіп етушілер ұйымдарының мәселелері жөніндегі комиссиямен бірлесе отырып, Сауд Арабиясы Корольдігінің Қажылық істері жөніндегі министрлігімен өз кезегінде келісімдер жүргізуді қамтамасыз ету және туристік фирмалар өз мойындарына алатын міндеттемелердің орындалуына бақылауды күшейтіп, 2005 жылға арналған тиісті келісімдерге қол жеткізу ұсынылды. Кеңес мәжілісінде еліміздегі діни жағдай және Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің 2003 жылы атқарған жұмыстарының қорытындылары толығырақ талқыланып, Үкімет жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің жұмыс жоспары бекітілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін