Жарияланды: 820

Атырау мұнай өңдеу зауыты еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге арнап жанар-жағармай жөнелте бастады

Атырау мұнай өңдеу зауыты еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі ауылшаруашылығы өнімін өндірушілерге арнап жанар-жағармай жөнелте бастады,- деп хабарлайды "ҚазақМұнайГаз ҰК" ЖАҚ-ның баспасөз қызметінен. Бүгін 25 цистернаға дизельдік отын тиеген отарба зауыт резервуарларынан Оңтүстік Қазақстан облысының Бадам бекетіне жол тартты.

Жанар-жағармай жөнелту туралы шешім еліміздің оңтүстік аймағы басшыларының өтініші бойынша ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің жолдауына сәйкес қабылданды. Орақ науқаны кезінде Атырау мұнай өңдеу зауыты Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарын ғана дизельдік отынмен қамтамасыз етуге міндетті. Ал еліміздің оңтүстік өңірлерін "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" (бұрынғы ШНОС) ААҚ қамтамасыз етуі тиіс. Соған қарамастан орақ науқаны басталуына байланысты жанар-жағармайдан тапшылық көре бастаған оңтүстік өңірлерге қолда бар дизельдік отын қорын жіберу жөніндегі үкімет шешімін ҚазақМұнайГаз қолдады. Баспасөз қызметінің түсініктемесіне сәйкес, ҚР энергетика және минералды ресурстар министрлігі "ПетроҚазақстан Ойл Продактс" ААҚ-на астық ору науқанында дизельдік отынға бір тоннасына 185 доллардан артық емес көлемде баға белгілеу жөнінде нұсқау берілгенімен, компанияның көтерме саудаға белгілеген бағасы бір тоннаға 230 долларды құрап отыр. Ал Атырау мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілетін өнімнің бағасы әрбір тоннасына 165 долларды құрайды. Ал Бадам темір жол бекетіне дейінгі көлік шығынының тарифі тоннасына 2250 теңгеден аспайды. "ҚазақМұнайГаз" сауда үйінің бас директоры Жанболат Сәрсеновтың айтуынша, компания 1-тамыздан бастап "АНПЗ-Транс" делдалдық компаниясының қызметінен бас тартып, Атырау мұнай өңдеу зауытынан жөнелтілетін жүктерді тасымалдау жұмыстарымен дербес айналыса бастауының арқасында оңтүстік өңірлерге жанар-жағармай жөнелтуді жедел жүзеге асыра алған. ""ҚазақМұнайГаз" сауда үйі" ЖАҚ -ның мәліметтері бойынша, 11-тамыздағы жағдаймен Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарына түсім жинау науқанына арнап 13 319 тонна дизельдік отын жөнелтілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть