Сағыз бекетінің 7 мыңға жуық халқы теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы басталғанда қуанған еді. Себебі, мектеп, балабақша сынды әлеуметтік нысандар бір бетте орналасқан. Ал үлкен ауылды екіге бөліп тұрған теміржолды кесіп өту үлкен-кішіге күндіз де, түнде де қауіпті. Осы олқылықтың орнын толтырамыз деп әрі аз да болса айлық аламыз деп іске кіріскен жергілікті жұмысшылар енді құрылысты қойып, жалақыларын даулап жүр.
Нұрбол Жаманов, жұмысшы:
— ЖШС «Перзент» деген Көшалиев Шынарбек деген кісінің өзі келіп, бізге желтоқсанның аяғына дейін біту керек осы көпірді тапсырған. 50. 000-нан жалақы берем деп уәде берді. Қыркүйек, Қазан айында толық жұмыс істеді. Ақша берем деген адам жоғалып кетті.
Қазір ауыл тұрғындары да жалақыларын даулаған жұмысшылармен бірге мердігерлерді іздеп әлек. Себебі, аяқсыз қалған құрылыстан келер қауіп көп болып тұр.
Жібек Жолбаева, Сағыз бекетінің тұрғыны:
— Қыста қар толады, қар толғасын адам түседі, өледі, болды, ешқандай жауапсыз іс, жауапкершілік жоқ. Сонда жоғарғы ағалармыз, басшылар қайда қарап отыр? Жергілікті әкім қайда? Мынау түбі баланың, адамның өліміне соқтырады.
Ал осы құрылысқа 128 миллион теңге бөліп, тапсырыс берген Атырау облыстықжолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшыларыміндетін дұрыс атқармаған мердігермен келісім-шартты үздік деп қарап отыр.
Аманжан Тәкешев, Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
-«Мирас» ЖШС-мен жасақталған жыл басындағы келісім-шарт заңдылыққа сәйкес, өз міндетін орындамағандықтан бір жақты бұзуға мәжбүр болдық. Бүгінгі күні қаржы басқармасына хат жолдап отырмыз.
Қысқасы, бас-аяғы 5 айдың ішінде салынып бітуі тиіс көпір құрылысы келесі жылы жалғаспақ. Ал ала жаздай жер қазып, қада қағып еңбек еткен 50 адамның жалақасын кімнің төлері белгісіз.