Жарияланды: 480

«Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?» - республикалық басылымдарға шолу

«Қасиетті Құрбан айт мейрамының екінші күні Маңғыстау облысының әкімі Бауыржан Мұхаметжанов әр өңірден жиылған ардагерлермен Оғыландыдағы Бекет ата басында кездесті. Жаратқанға жақын болу, ризашылығын алу мақсатындағы бұл шара ақсақалдар тарапынан айтылған жаңа бастама мен игі ұсыныстың да орны болды. Облыстағы аудан, қалалардың барлық басшылары мен ардагер ағалары бас қосқан жиында жаңаөзендік ардагер Асылбек Айдаров: «Жаңаөзен қаласының атауын

зама­нын­да дүйім жұртқа даңқы озған әулие, көріп­кел, ұстаз, батыр, сәулетші, емші, ғұлама, бү­гінде ұрпағына тарыққанда демеу, зарық­қан­да медеу болған, ел иесі, жер киесі - ата­мыз Пір Бекеттің атымен атасақ қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Маңғыстау өңірінің бел­гілі, белді азаматтары Сақып Керелбаев, Әбілқайыр Спан да бұл ұсыныстың орынды­лы­ғ­ын тарихпен өзектестіре баяндап, дәлел­деп шықты. Ақсақалдар арасынан «былай еді» деп бұра тартқан ешкім болған жоқ, қайта барлығы көптен күткен жаңалықпен жолыққандай жадырап, бірауыздан қолдады. Маңғыстаудың бүгінгі сөзін ұстар ел ағаларының пікір біріктіріп, тоқтаған уәж, ұйғарымы осылай болған соң, ұсыныс облыс әкімдігі мен мәслихатының қарауына өтті. Енді сөз шешімі, іс кесімі билік тарапында»,-деп жазады «Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санындағы «Бекет ата қаласы» деген тақырыппен берілген мақалада. *** «Айқын» басылымының жазуынша, қазақстандық тарихшыларға тақыр таянды. Білім беру жүйесі еуропалық үлгіге толықтай көшкен кезде Қазақстан тарихы пәні жоғары оқу орындарынан бірітіндеп шеттетіліп, Қазақстан тарихын оқытатын кафедралардың жабылып қалуы қаупі туды. «Ондай жағдайда ұлтымыздың тарихи оқулықтарын жазып жүрген «могиканның соңғы тұяқтары» - тарих ғылымдарының соңғы докторлары, профессорлары (бұлай дейтініміз - қазір тарих ғылымдарының докторларын дайындау Қазақстанда тоқтатылған) жұмыссыз қалды»,-делінген басылымда. Олар саясаттанушы, әлеуметтанушы немесе заңгер мамандығына ауысуға мәжбүр болмақ. Бұл мәселе жөнінде «Айқын» басылымының бүгінгі санындағы «Тарихшыларға тақыр таянды ма?» атты мақалада кеңірек жазылған. Осы басылымда «Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?» деген атаумен мақала басылды. «Бір топ сенатор Байқоңырды бетке алып, суыт аттануға әзір! Кеше Сенаттың Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитеті мүшелерінің Экономикалық даму және сауда, Қаржы министрліктерінің, сондай-ақ «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басшылығымен кездесуінде осындай күтпеген мәлімдеме жасалды. Парламенттің Жоғарғы палатасының өкілдері ғарыш айлағы орналасқан мекен «Байқоңырда қай елдің заңнамасы жүреді?» деген күрделі де ауыр сауалға жауап тауып, шиеленіскен түйінді мәселені ақыры шешу үшін жол тартуға бел буды»,-деп жазады газет. *** «Алаш айнасы» газетінің алғашқы бетіндегі «Агрономы жоқ агроөнеркәсіп қалай дамысын?» деген мақалада газеттің қызылордалық тілшісі агрономды жекеменшік кәсіп ретінде қарап, жалдамайтындығы, сәйкесінше осы мамандыққа деген сұраныстың төмендеуі нарыққа көшкен заманда жер-ананың қалай болса солай игеріліп, азып-тозуына ықпал етіп отырған фактор ретінде атап, дабыл қағады. Мәселен, көршілес Ресейдің тек Краснодар өлкесінде жылына кем дегенде 10 сорт өндіріске жолдама алса, ал біздің соңғы өндіріске енгізілген «Ақ маржан» сортына 30 жыл болыпты. Яғни, 30 жылдан бері күріш саласында тың жаңалық жоқ. Себебі онымен ғылыми тұрғыда айналысатын агроном мамандардың қатары сиреп барады. Осы басылымның «Саяси бюро» бетіндегі «Шағын ауылдарды «шашып» жібергеннен ұтарымыз бар ма?» деген мақалада ірі мегаполистердің урбанизацияға ұшырап, шағын ауылдардың шаңырағы шайқалып жатқандығы ертең елдігімізге сын болмайды ма деген мәселе көтеріледі. Себебі бүгінге дейін «Әкімшілік-аумақтық құрылым туралы» Заңға сәйкес аты бар, заты жоқ 33 ауыл таратылыпты. Мақалада отандық сарапшылардың пікірі екіге жарылады. Бірі «10 адам қалса да ауылды сақтап қалу керек. Ол араға инфрақұрылым апару керек» десе, бірі «Кез келген ел азаматына теңдей мүмкіндік жасалу қажет. Шалғай ауылдағы адамдар осындай мүмкіндіктен айырылған. Аудан орталығына келудің өзі шығын. Бірақ аурухана, басқа-басқа қызмет түрлері - барлығы орталықта. Сондықтан оларды инфрақұрылымы бар жерлерге көшіру керек» дейді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін