Бұл туралы Caravan.kz медиа-порталы хабарлайды.
Дана Нұржігіт желідегі парақшасында асыға күткен баласының өмірге қандай қиындықпен келгенін жазды.
"2010 жылы 10 жыл зарыға күткен ұлым, Әлім дүниеге келді.Мерзімінен бұрын.8 айында.
Өзі сияқты өмір мен өлім арасында жатқан, уақытынан ерте туған шала жансар шақалақтармен, басынан аяғына дейін датчиктерге қосулы,шырмауықтай шырмалған электр құрылғылардан созылған зонд,сымдарға оралып жатқан бөпемді көріп,үнсіз жылап тұратыным әлі есімде.Кішкентай батырым өліммен күресіп жатыр.Мен оны көріп тұрып қалай көмектесерімді білмей,шарасыздықтан еңіреп тұрамын.Бір күні қасыма сол бөлімнің бас мейірбикесі келіп зекіп берді:"әй,қыз,сен не істеп тұрсың?! Балаң өмір сүргісі келіп,кіп-кішкентай болып тыраштанып жатқанда,сенің тұрысың мынау! Тый жасыңды,кәне! Біздің бөлімге келгенде жылаушы болма!Мыналар бәрін сезеді.Анасының анау жақтан келе жатқанын да біліп жатады.Бұлардың бәрі-күрескер,кішкентай батырлар" деді.Осыған дейін қу моладай мөлиіп,жылауды ғана білген мен құдды бір ұйқыдан оянғандай жинала қалдым.Сол күннен өзіме мықты болуды үйрене бастадым. Әлімді омырауға салуға рұқсат жоқ еді.Үш сағат сайын кеудемді уқалап,аз-аздан келген уызды медбикелер зонд арқылы тікелей асқазанына жіберетін. Бір күні кешке,ұрланып,қабырға жағалап барып, кезекші медбикеге баламның ауызына ең болмаса бір тамшы уызымды тамызайыншы деп жалындым.Ол қыз біраз "болмайдыға" салғанмен,мені аяп Әлімді қолыма беріп тұрып:"тек ұзақ емес,омырауды ауызына салмаңыз!Дәрігер біліп қойса,біттік…" деді.Баланы кеудеме жақындатқаным сол екен,сүттің иісін сезген Әлім мәмәкәсін асады да жіберді! Тартып алатынын сезетіндей қомағайлана еміп,жіберетін емес!
Медбике "апай,болды!Беріңіз баланы,қазір тұншығып қалады"деп тұр.Ұлым тұмсығымен омырауға кіріп кеткен.Медбике әрең тартып алды.Ернінің жан-жағына аққан әппақ уыз бетіне жағылған күйі,ас сұраған шымшықтың ауызындай емшек іздеген күйі балам медбикенің қолында кете барды.
Осы күйі балам 17 күн-алдымен жан сақтау бөлімінде,содан соң патологияда жатты.Тоғыз айға толып,беті бері қараған күннен,қолыма әкеліп бергенде емшек емген баланың шөл даладан келгендей, пысылдап,үсті-басы терлеп,тойып алып,талып ұйықтайтынын көрудің өзі қандай бақыт екенін аналардың бәрі біледі!Үш сағат сайын омырауымды қысып,зонд арқылы сүт беретін күндері өлім мен өмірдің арасы бір ғана сәт екенін анық түсіндім.Бір күні әдеттегідей шақалақтарымызға зондпен сүт беріп,енді үш сағатта қайтып келдік.Бөпелерімізді айналып-толғанып жатыр едік,бір жас ананың, "жаным,күнім,,," деп жатқан жерден аяқ астынан жан дауысы шықты."Мамочки,что с ней,что с ней?!" деді де қалды…Дереу дәрігер,медбикелерді шақырып,кислород жастығын әкеліп,баланың ауызынан дем салып,аяғында патологиядан реанимацияға алып кетті.Ертеңіне естідік:сәбиіміз шетінеп кеткен.Айналдырған 3 сағатта…Мұны көріп мен жанұшырып үйге тлф соғып: алып кетіңдер,мында бала өледі деп…Жанымды қоярға жер таппай шырылдадым да қалдым.Адамнан адам шығу оңай емес,рас!Бірақ,бала тууды дәрет сындыру құрлы көретін екі аяқты ұрғашылар да бар.Сондайлардың бөпелері біздің балаларымызбен қатар жатты. Олардың жылағаны да бөлек! Олар анаға әмір жүргізгенді білмейді.Олар бақырып-шақырып шаршаған,ешкім қолға алмаған соң,қасына келмеген соң төбеге қарап жатып,әлсін-әлсін жіңішке үнмен жалынышты қылып дауысын созыыып тұрады.Олар ештеңені де,ешкімді де күтпейді…Бір екеуін қолыма алып,жұбатып жүргенімді мейірбике көріп қойып: тимеңіз,қолға алмаңыз! Ертең біз қиналып қаламыз,көтер деп жылайтын болады деген соң,келесі рет жүрегім езіліп, аяп тұрсам да қолға алмайтын болдым.Қандай қатыгездік десеңізші!Қатыгездік осылайша олардың өміріне бесігінен енеді.Алла ешкімді балаға зәру ете көрмесін,бірақ кейде бір сәттік ляззаттан оп-оңай,бойға біте салған періштені Алланың сыйы деп білу үшін,Жаратқанның алдына,тәубеге келтіру үшін баланың құнын төлеу керек пе деп те ойлаймын…Әлім- менің Жеңісім.Иә,біз сол майданнан екеу болып шыққан сарбазбыз.Жанымыз бір.Оның туған күні 4 қарашада,ол күн мен үшін Ана болу жолындағы Жеңіс күні.Кеше Алматыдан тлф соғып: мама,жастықтың тысын жума!Иісіңді сағындым дейді…".