Ұлттық банк бүгін ерекше релиз таратты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
«Қаһарман отандастарымыздың ерлігіне құрмет таныту үшін Ұлттық Банк ұлттық валютада мерейтойлық банкнотаны айналымға шығарғалы отыр», — деп жазылған ресми ақпаратта.
Номиналы 1 000 теңгелік жаңа қағаз ақшалар 9 мамырда айналымға түседі. Олардың жалпы таралымы 5 миллион данамен шектелген.
«9 мамыр – бүкіл әлем үшін айтулы күн. Қазақстан Жеңіске қомақты үлес қосты. Республикадан 1,2 миллионға жуық адам жұмылдырылды, бұл сол кездегі жалпы халықтың шамамен – 20%-ы. Отандастарымыз жаяу әскерде, танк бөлімшелерінде, авиация мен флотта ерлікпен шайқасты»,- деп жазылған ресми ақпаратта.
Жаңа банкноталар өз құнына сай Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында төлемнің барлық түрі бойынша қабылдануға жатады. Сондай-ақ банктік шотқа салуға, Қазақстан Республикасының барлық банкінде аударуға және ұсақталуға міндетті.
Банкноталардың түсі – қоңыр-сарғылт.
Алдыңғы бетінде:
– Даңқ мемориалы бейнеленген, Отан үшін жан қиған батырларға көрсетілген құрмет белгісі – 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта орналасқан.
— Микро-оптикалық қорғаныс жолағы. Банкнота бұрышын өзгерткен кезде жолақта тереңдіктің, көлемнің және жылтырдың үш өлшемді әсері, сондай-ақ мәңгілік алау мен ұшып бара жатқан тырналар көрінеді. Тырналар силуэті – жақсылық пен үміттің бейнесі – өмірді суреттейді.
Екінші бетінде:
— тарихи мұрағаттық фотосуреттердің үзінділерімен Қазақстан картасы бейнеленген. Суреттерді www.kfdz.kz Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Архив, құжаттама және кітап комитетінің «Орталық мемлекеттік кино-фото құжаттар және дыбыс жазбалары архиві» РММ ұсынды.
— ерлік, табандылық пен батырлықтың символы ретінде Отан соғысы ордені бейнеленген.
