Бұл туралы Caravan.kz тілшісі хабарлады.
Туындының бірінші бөлімінде Арлан есімді бала мен оның ойынан құрастырылған Шимай-Шимай екеуінің мектепте бастан кешкен қызықты оқиғалары суреттелген. Шимай бастапқы кезде көптеген бұзықтық жасап, күлкілі оқиғаларға тап болғанымен, кейін Арланның сыныптастарымен танысып, өзіне жаңа достар табады.
Кітаптағы суреттерді салған – қазақстандық суретші Қайырхан Орымбаев. Бұл туынды 5 пен 8 жас аралығындағы балаларға арналған. Баспа кітаптың жалғасын, яғни келесі бөлімдерін, алдағы уақытта басып шығаруды жоспарлап отыр. Бұл кітаптың ерекшелігі сол, кітаптағы басты кейіпкер өмірде бар бала, әңгіме желісі де өмірден алынған. Нақтырақ айтсақ, Әңгімедегі Арлан есімді балақай автордың баласы.
«Бірде балам жүгіріп келіп: Мама, мен сурет салдым қарашы, деді. Көре салысымен:- Мынауың Шимай-шимай ғой, деп едім, балам: — Алақай, мен Шимайдың суретін салдым,- деп жүгіріп кетті. "Шимай-шатпақ" туралы әңгіме жазу осы сәттен басталды. Әңгіменің басты кейіпкері өзімнің туған балам. Соның бастан кешкен оқиғаларынан әңгіме құрастырып жаздым»,- дейд кітап авторы Тұмар Мұқашева.
Автордың айтуынша, бұл әңгіме жазылған соң 7 жыл үйдегі сөреде жатыпты. "Алтын қалам" әдеби бәйгесі туралы естіген соң, бағын сынап көруге тырысқан. Содан шығарма жүлделі жұмыстардың қатарына ілігіп, енді міне жеке кітап болып шығып отыр.
Тұмар Мұкашева балалар кітапханасында 15 жылдай қызмет етті. Жасөспірімдерге арналған шығарма жазу идеясы сол жылдары дүниеге келген. Бұл кітап еуропалық стандартпен басып шығарылған. Әр бетте қара-ақ түсті бірнеше сурет басылған. Кітап ашып оқығанға өте ыңғайлы.
«2009 жылы осы байқауды ұйымдастыруды ойластырғанымызда еліміздегі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылар болмашы, тіпті кейбір қалаларда жоқтың қасы еді. Қазір қатары баяу болса да молайып келеді. Дегенмен болашақта Ресейде шығарылып біздің кітап дүкендерімізді жаулап алған орыс тілінде жазылған кітаптардың орнын қазақстандық авторлардың жұмыстары алмастырады деп сенеміз»,- деді. "Алтын қалам" жүлдесі ұйымдастыру комитетінің мүшесі Досым Сатпаев.
2009 жылы бастау алған «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің мақсаты – бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуына және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатқан байқауға жұмыстарды қабылдау қазанның 15-де аяқталды. Жеңімпаздарды марапаттау шарасы қараша айының соңына таман жоспарланған.