"110 жылдан кейінгі серпін": Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі қайта оралады - kaz.caravan.kz
  • $ 511.59
  • 575.28
+13 °C
Алматы
2025 Жыл
21 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"110 жылдан кейінгі серпін": Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі қайта оралады

"110 жылдан кейінгі серпін": Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі қайта оралады

Қазақ жастарына жол көрсетер көркем шығармалардың керектігі өте маңызды.

  • 6 Мамыр
  • 17
Фото: Caravan.kz

Жүлде қоры 30 миллион теңгені құрайтын «Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауы жарияланды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Өткен ғасырдың басында тұңғыш қазақ романына бәйге жарияланғаны белгілі. 1915 жылы «Айқап» журналының № 7-8 санына: «…Құдайға шүкір, біздің қазақ арасындағы ғылымның қадірін білуші, дәулетін ғылым жолына жұмсаушы байларымыз бар екен. Есенқұл бай Маманұлы роман жазған адамға ақшалай бәйге тігіп отыр, жазылған романдарды білгірлердің сынына беріп отыр. Есенқұл байдан үлгі алмақ, оның салған жолымен жүрмек – қазақтың басқа байларының міндеті» атты жарияланған мақала елді елең еткізген еді.

Әйгілі «Мамания» мектебінің негізін қалаған Маман қажының ұлы, Алаш көсемдерін қолдап, олармен қатар жүрген ағартушы қайраткер Есенқұл қажы еді. Ол Алаш Орданың органы болған “Қазақ” газетін ашуға да демеуші болған. Бұл туралы мәжіліс депутаты Қазыбек Иса сүйіншілеп жазды.

Ал енді осы әдеби меценаттық 110 жылдан кейін жалғасын тауып отыр. Тәуелсіз Қазақстанда мұндай үлкен деңгейде бірінші рет өткізіліп жатқан ірі әдеби конкурстың бірнеше басты ерекшелігі бар.

Байқауға жас мөлшеріне қарамастан еліміздің барлық қаламгерлері қатыса алады. Ақтық мәреге үздік деп танылған бес жұмыс іріктеліп алынады. Бір атап өтерілігі, байқаудың алғашқы кезеңінде авторлар толық шығармасын емес, тек болашақ туындының алдын ала жоспарын ғана ұсынады. Белгілі қазақ жазушылары, әдебиет сыншылары тарапынан құрылған арнайы қазылар алқасы бұл синопсистердің ішінен үздік бесеуін таңдап алады.

Үздік деп танылған бес шығарманың біреуі жеңімпаз деп танылып, 15 000 000 теңге көлеміндегі сыйақыға ие болады. Сонымен қатар, аталмыш роман желісі бойынша демеушінің қолдауымен көркем фильм түсіріледі. 

Барлық 5 автордың әрқайсысына 3 000 000 теңгеден сыйақы төленіп, аталмыш туындылары демеуші есебінен баспадан кітап болып шығарылады.

«Классик жазушы, отандық әдебиеттің мэтрі Дулат Исабековтың дүниеден өтуі де менің осы мәселе жөніндегі көзқарасымды шыңдай түсті. Әріптестеріммен әңгімелер барысында төл әдебиетіміздегі тың есімдердің жоқтығы мен заманауи проблемаларды негізге алып, ХХІ ғасырдың күрделі әлемінде адам үшін моральды жүйелер бағдарын ұсынатын ірі, сүбелі шығармалардың тапшылығы жазушы ағамыздың дүниеден өткенінен кейін қатты сезілгендігін естіп жүрмін. Ұлттық құндылықтарды қалыптастырып, бұл әлемнің жаңа сын-тегеуріндеріне қарсы тұруда қазақ жастарына жол сілтейтін шығармалардың болуы өте маңызды. Соған байланысты, қазіргі заманғы қазақ әдебиетін қалыптастыруға өз үлесімді қоссам деп шештім. Ол үшін өз атымнан қомақты жүлде қоры тағайындалған қазақ тіліндегі шығармалар үшін осындай жоба ұйымдастыруды жөн деп шештім. Бұл менің қазақ ұлтының дамуына деген үлесім мен ел алдындағы азаматтық парызым деп қабылдаңыздар», — дейді байқаудың басты демеушісі Шухрат Ибрагимов.

Роман деңгейі лайықты болса демеушілер мен ұйымдастырушылар фильм түсіруге дайын. Классикалық романның дәстүрлеріне сай кемі бір отбасының бір мезгілдегі оқиғаларымен шектелмей, үш буынының тағдырын қамтуы керек. Бұл байқауда бақ сынайтын авторлар өткен тарихты ғана емес, негізінен бүгінгі заманның көріністерін, жастар дұрыс таңдау жасай алуы үшін бүгінгі әлемнің жарқын келешегін көркем туындыларына арқау етуі маңызды. Қазір шетел асып, білім жинап, еліміздің іргесін бүтіндеуге үлес қосып жүрген жастар көп. Осы заманға сай құндылықтар қандай болуы керек? Сол секілді сұрақтарға жауап берілсе екен ниет. Сондықтан, бұл байқаудың басты мақсаты — аталмыш туындылар қазіргі қазақстандықтарға, әсіресе, жас буынға есігін айқара ашқан әлемде жарқын жолды сілтейтін моральдық, этикалық, ұлттық ұстанымдарды табуға бағдар жасауы қажет.

Яғни, мұндай ауқымды сюжет өздігінен көркем фильмге сұранып тұрады. Ол фильм арқылы үш буын ғана емес, еліміздің бір кезеңі қамтылады. Фильм түсіру жұмысына да осы салада өзіндік қолтаңбасы бар білікті мамандарды тартылмақ.

Байқауға бұған дейін еш жерде жарияланбаған, әлі жарық көрмеген шығармалар қабылданады. Бірінші кезеңде, авторлар болашақ романдарының синопсисын ғана ұсынады. Қазылар алқасы соның ішінен үздік бесеуін таңдап алады. Конкурстың барлық ережесімен  “Қазіргі заманғы қазақ романы» әдеби байқауының сайтынан танысуға болады. Сол жерде егжей-тегжейлі баяндалған. Шығармаларды қалай жолдау керектігі, байланыс құралдары, барлық талаптар нақты жазылып көрсетілген.