Балаларға арналған айтыс мектебі сапалы ақындарды дайындап шығарады - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+16 °C
Алматы
2024 Жыл
25 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Балаларға арналған айтыс мектебі сапалы ақындарды дайындап шығарады

Балаларға арналған айтыс мектебі сапалы ақындарды дайындап шығарады

«Бұлақ көрсең, көзін аш» деген халқымыздың даналық сөзі бекер айтылмаған болса керек.

  • 26 Қыркүйек 2018
  • 2826
Фото - Caravan.kz

Мектеп жасындағы балалар түрлі өнерге бейім және әр қиылы шығармашылыққа мойын бұрғысы келеді. Соның ішінде ұлттық төл өнеріміз айтысқа да қызығатын ақындығы бар жеткіншектердің барын естен шығармауымыз керек. Ең өкініштісі еліміздің танымал ақындарының әрқайсысы бірен саран шәкірттен ғана дайындап жүр. Ал арнайы ресми мектептер мен үйірмелер жоқтың қасы. Дегенмен жуырда Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында оқушыларға арналған айтыс үйірмесі ашылды.

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі аталған мектептің тәлімгері белгілі ақын Серік Қалиевтің шәкірті Алтынбек Ибрагиммен тілдесті.

— Бұрын соңды жасөспірімдерге арналған айтыс мектебі немесе үйірмесі дегенді естімеппіз. Бұл мектеп қалай ашылды, кімнің идеясы?

— Жалпы Қазақстанның әр өңірінде, әр аймағында айтыс мектептері бұрыннан болған. Сүйінбайдың мектебі, Арқа өңірінде Біржан салдың мектебі деген сияқты өзіндік мектептер болды. Яғни тарихтан қарайтын болсақ ертеден жалғасып келе жатқан нәрсе. Ресми түрде мектеп ретінде ашылмағанымен бұрыннан бар. Ол үрдіс бүгінде де қалыптасқан. 1990-95 жылдардан бері көрініп жүрген Мэлс Қосымбаев бар, Аманжол Әлтаев бар, сол сияқты Мұхамеджан Тазабековке еліктеп қазіргі жастар шығып жүр. Яғни осындай ақындарға еліктеген адамдар солардың айтыс мектебінен үйренеді, солардан үлгі алады. Осылайша әр өңірде мектеп жалғасып келе жатыр. Серік Қалиев ағамыз қазір Алматы облысында тұрады. Негізі Ақсуат өңірінде туған. Ақын ретінде, сазгер ретінде көп адам біледі. Сол кісіден біз де үйрендік. Одан көп шәкірттер шыққан ғой негізі. Ринат Зайытов, Сара Тоқтамысова, Серікзат Дүйсенғазин секілді қазіргі айтыста жүрге үлкен ағаларымыз бар. Сол кісілердің барлығы Серік Қалиевтен үйренген. Ең соңғы айтысқа қосып жүргендердің қатарында сол кісінің мектебінен шыққан біздер бармыз.

Бұрын айтыс мектебі болмады деп айтуға келмейді. Өйткені ресми түрде бекітілмесе де әр ұстаздың өздері тәрбиелеп жүрген шәкірттері бар. Айтыс үйрмесіне келетін болсақ Оқушылар сарайында Мейіргүл Нұрмұхамедова деген жыршы әпкеміз қызмет істейді. Ол кісі сонау 1986 жылы Жүрсін ағамыз айтысты алғаш ашқан кезде соның бел ортасында терме айтып, жыр айтып өнерін көрсетіп жүрді.Қазір оқушылар сарайында істейді. Осы көктемде хабарласты. Оқушылар арасында қалалық айтыстар болып тұрады. Біз сол жақтан айтыс үйірмесін ашсақ деген пікір айтты. Содан мамыр айында бардым. Өзім бұрыннан бері Алматы облысындағы мектептердің бірінде біраз оқушыларды айтысқа дайындап жүрген болатынмын. Оқушылар сарайының басшысынан рұқсат алып, үйірме аштық. Ол мектепке бір атау беру керек болды. Негізі ескі ғимараттарға, үлкен оқу ордаларына белгілі адамдардың аттары беріледі. Біз енді қазіргі заманға сай жаңашыл болсын деп Серік Қалиев ағамыздың атын беріп отырмыз. Серік Қалиев атындағы айтыс мектебі деп алдық. Бұл ресми түрде бекітілген алғашқы айтыс мектептерінің бірі болу керек. Өйткені бұрын белгілі айтыс ақындары шәкірт тәрбиелеп жүр дегенді білгеніммен, арнайы айтыс мектебі ашылды дегенді естіген жоқпын. Әзірге үш аптадай болды жұмыс істеп жатырмыз.

— Ал үйірмеге жазылып жатқан балалардың ақындық қабілеттері қалай, әлде тек балалық қызығушылықпен немесе ата-анасының жетектеуімен келгендер ма, жалпы шәкірттер қалай іріктеледі?

— Енді шынын айту керек бұрын әлеуметтік желі болмай тұрғанда балалар өзінің шын ынтасымен келетін болған. Ал қазір интернет бар, басқа да дүниелер бар. Соған байланысты бүгінгі балалардың айтысқа, ұлттық өнерге деген қызығушылығы аз. Дегенмен солардың ішінде ақындығы жақсы дамып келе жатқан балалар да бар. Соны ары қарай қалай дамытамын деп жатқандары келіп жатыр. Бірақ айтысқа әнге, эстрадалық үйірмелеріне баратын сияқты көптеп келмейді. Тек саусақпен санарлықтай. Әрине, ақындық деген екінің біріне қона бермейтін нәрсе. Дегенмен баламның бойында бір нәрсе бар сияқты. Үйде отырғанда екі ауыз сөздің басын құрап бірдеңе шығарады деп, 10-12 жастағы кішкентай балаларын алып келіп жатқан ата-аналар бар. Енді болатын баланың бетін қақпа, белін бу деген сияқты көру керек. 7-8 айда егер ақындық қабілетін дамыта алмаса, ары қарай алып кете алмаса мүмкін оның басқа қыры бар шығар. Соған қарай бағыт-бағдар беріп, жол сілтеп жіберуге болады. Дегенмен келіп жатқан балалардың 70 пайызы шынымен ақындыққа ынталы жастар.

— Неше жастан, қай сыныптың оқушылары қабылданып жатыр?

— Негізі қай жастан келседе айырмашылығы жоқ. Дегенмен бұл оқушылар сарайы болғандықтан мектеп жасындағы балалар, яғни ережеге 10-17 жасқа дейінгі балалар деп бекіттік. Өнер деген әркімге әр жаста келеді ғой. Мүмкін біреу тақпақты 8 жасында шығаруы мүмкін. Егер одан да ерте жаста келсе ала береміз. Бірақ, Жамбыл Жабаевтың да он үшімде қолыма домбыра алдым деген тарихи фактілеріне қарасақ, баланың 12-13 жасында ақындық қабілеті ашылып көрінеді екен. Мысалы, Жандарбек Бұлғақов та 13 жасында айтысқа шығып, танылып кетті. Сондықтан 10 жастан кейін икемі келеді ғой деген оймен 10 және 17 жас аралығы деп ойлап отырмыз.

— Ал үйірмеде балалардың ақындығын үйрету, айтысқа баулу формасы қалай болады?

— Негізінен айтысты мектептегідей белгілі бір қалыпқа салып үйрету қиын нәрсе. Бүгін «А» деген әріпті үйретеміз, ертең «Б» деген әріпті үйретеміз деген тәртіп келмейді. Өйткені бұл даланың еркін өнері. Сондықтан нақты бір жоспар болады деп айтуға болмайды. Дегенмен белгілі бір дәрежеде, өлшеммен сабақ жоспарын бекітіп, сол бойынша үйретеміз. Мысалы, ең алдымен Майқы би сияқты көне жырлауларымыз, сол сияқты би-шешендеріміздің өмір-тарихын, мектеп оқулықтарына енбей қалған билер мен жыраулар туралы деректер айтылады. Ең алдымен солардың жырларын жаттаумен бастаймыз. Өйткені ақын болу үшін ең бірінші ақын жыраулардың өлеңін жаттау керек болады. Кейін келе солардың өлеңдерін, айтыстарындағы ұйқастарын, буын-бунақтарын үйретіп, одан кейін әуендерге тоқтаймыз.

— Ал айтыс барысында сөз тапқырлығына, ұтымды жауап беруге, сурып салмалыққа үйрету, баулу жағы қандай жолдар арқылы іске асады?

— Айтыс мектебі ашылып жатыр дегенді естігенде көп адам сұрайды, «ол айтыс мектебі қалай болуы мүмкін, суырып салмалықты қалай үйретеді» деп. Дегенмен де ешкім аспаннан салбырап түсе қалмайды. Біреу боксер немесе актер болып тумайды. Негізінен ең басында адамда өлеңге қабілеті болады. Бір пайыз талант болады, 99 пайызы еңбекпен келеді деген сөз осы айтысқа қатысты шығар. Мысалы, ауылды жерде немесе бір үлкен жиындарда үлкен ақсақалдарымыз екі ауыз сөзді ұйқастырып сөйлеп, күтпеген нәрселерді айтып жатады. Кейде маған егер осы кісілерді жас кезіңде айтысқа үйретіп, баулып, біреу жетекшілік жасаса, олардан да бір кездері керемет айтыскер ақын шығарма еді деген ой келеді кейде. Өйткені әу демейтін қазақ жоқ. Қазақтың әр баласын тыңдап отырсаң өлеңге ынтасы бар. Біздікі соны ары қарай дамытып беру. Суырып салмалық әрине ол Алладан келетін нәрсе. Ондай дарын екінің біріне қона бермейді. Суырып салуға үйрете алмаймыз. Суырып салу деген нәрсе сахнаға шыққан кезде ауызға түскен нәрсені айта салу емес. Ойланып бару айту керек.Біз баланың ойының дұрыс қалыптаса білуіне, сөзін дұрыс саптай білуіне, сөздік қорын молайтуға үйретеміз.Тек сөздің сапасы, өлшеп сөйлеу деген сияқты қырларын үйретеміз.

— Ұстаздар жағынан кімдер дәріс береді, қандай мамандар болады ол жерде?

— Негізінен Серік Қалиевтің айтыс мектебі деп айтылған соң ол кісінің өзі өзің жүргіз деп маған тапсырды. Бірақ ол кісінің өзі де арасында шеберлік дәрістерін жүргізіп отырады. Дегенмен өзге де жоспарлар бар. Алдағы уақытта айтыс сахнасына шығып, елге танылып қалған Рүстем Қайыртай болсын, Мейірбек Сұлтанхан болсын, Сара Тоқтамысыова болсын, Ринат Заитов болсын осындай ақындарымызды арасына апта салып, сабаққа қатыстыру жоспарда бар.

— Қазір қанша бала жазылды үйірмеге?

— Бұл үйірменің ашылғанына әлі бір ай тола қойған жоқ. Дегенмен үйірмеге келіп жүрген нақты оншақты бала бар. Бірақ әлі де қосылып жатыр. Бүгіннің өзінде баламызды алып келсек деп бірнеше ата-ана хабарласты.

— Балалардың айтысқа деген қызығушылығы төмендеп барады дедің. Жалпы айтыстың болашағы қалай болады деп ойлайсыз?

— Енді қазақ тілі ұмытылмаса, ұлттық рухымыз жоғалмаса айтыс ешқашан жойылмайды деп ойлаймын. Айтыс өлу керек болса КСРО кезінде жойылып кетер еді. Ол кездері көптеген бұрмалаушылықтар, тыйым салу болды. Сол уақытта жойылмаған айтыс ендігі тәуелсіз ел болған тұста жоғала қояды деп ойламаймын. Әрине, айтысқа қызығатын балалар бар. Жоқ емес. Өлең жазатын балалар бар. Тек соны мектептегі мұғалімдер осындай адам бар, осындай жер бар деп ұсыныс айтып, жетектеу қажет шығар.Тек сол балалардың өнерін ары қарай дамыту керек. Жалпы айтқанда айтыстың болашағы бар. Оған кәміл сенемін.

Соңғы жаңалықтар