Жарияланды: 290

Бас прокуратура пара алғаны үшін сотталған М.Оспановтың болашақта мемқызметке оралуына қатысты дауға нүкте қойды

Бас прокуратура пара алғаны үшін сотталған М.Оспановтың болашақта мемқызметке оралуына қатысты дауға нүкте қойды

Жуықта бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында пара алғаны үшін сотталған Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің бұрынғы төрағасы Мұрат Оспанов

7 жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайта оралады-мыс деген ақпарат жарияланған-ды. 

Бұл оқырмандардың арасында даулы сұрақтың өрістеуіне себеп болған. Сондықтан, еліміздің Бас прокуратурасы ресми сайтында бұл қаңқу әңгімелерге қатысты түсініктеме беріп отыр. 

«Бас прокуратура осы жағдайды түсіндіріп өтуді жөн көрді. 2015 жылдың 23 шілдесінде Астана қалалық сотының кассациялық сатысы М.Оспанов адвокатының сот шешімімен келіспейтіні туралы өтінішін қарады. Бұл ретте, негізгі жаза ретінде берілген үкім, яғни айыппұл салу үкімі өзгеріссіз қалды да, қосымша жаза - өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайтын жаза өзгерді. Бұл мерзім жеті жылға дейін қысқартылды»,-делінген Бас прокуратураның ақпаратында. 

«Неге мұндай шешім қабылданды? Бұл сыбайлас жемқорлар үшін мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығынан өмір бойына айыруды енгізген, биыл қабылданған жаңа Қылмыстық Кодекске байланысты қылмыстық заңның сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу бөлігіндегі талаптарына сәйкес қабылданған шешім. Оспанов қылмысты бұрынғы қылмыстық заң әрекет еткен кезеңде, яғни, мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығынан максималды айыру жеті жылға дейін қарастырылған кезде жасады. Істі қайта қарау кезінде жоғарыда айтылған сот қылмыстық құқықтың негізін қалайтын - сотталған адамның жағдайын нашарлатуға жол бермеу туралы принципін негізге алды. Сотталған адамның жағдайын нашарлататын заңның кері күші жоқ екені баршаға мәлім. Сөйтіп, жоғарыда айтылған сот шешімімен жаза заңды түрде Оспанов қылмыс жасаған мезетте қолданыстағы Қылмыстық кодекспен сәйкес келтірілді», деп түсіндіреді құзырлы орган.

«Алайда, бұл осы азамат жеті жылдан кейін мемлекеттік қызметке қайтып келе алады дегенді білдірмейді. Себебі, «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 10-бабының 4-тармағы 6-2-тармақшасына сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны және сол үшін сотталған адамды мемлекеттік қызметке ешқашан қабылдауға болмайды. Сондықтан, көрсетілген мемлекеттік қызметтегі лауазымды атқару құқығын 7 жылға шектейтін сот шешіміне қарамастан, Оспанов қолданыстағы Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес мемлекеттік органдардағы қандай да бір лауазымды иеленуге тіпті, ешқашан үміттене де алмайды»,-делінген хабарламада.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін