Жарияланды: 420

Батыс Қазақстанда киік атқан ағайындылар үш жылға шартты түрде сотталды

Биылғы шілде айында Қазталов ауданының тұрғындары, ағайынды Жұмагелді және Жұмагерей Сарысовтар көршілес Жәнібек ауданы аумағында киік атумен айналысып, «Охотзоопром» мекемесі табиғатты қорғау инспекторларының қолына түскен болатын.

Жәнібек ауданының прокуроры, әділет кеңесшісі Ғарифолла Жапашевтің айтуынша, ағайындылардың шетелдік автокөлікпен қуып, 16 ұңғылы қос ауыз аңшы мылтығымен 20 киікті атып өлтіріп, 40 дана мүйізін арамен кесіп алғандығы анықталып отыр. «Заңсыз аңшылық еліміздің экологиялық қауіпсіздігіне залалын тигізіп, жануарлар дүниесіне шығын келтіреді. Қазақстан Республикасы Үкіметі тарапынан киіктерді қорғауға жыл сайын миллиондаған қаржы бөлінуде. Алайда браконьерлер бұған қарамастан пайда табу жолында киіктерді аяусыз қырған», - дейді аудан прокуроры. Заңсыз аңшылықпен айналысқан ағайындылардың қылмыстық әрекеті өздерімен бірге арнайы алып жүрген қылмыс құралдарымен және қылмыстық іс бойынша түсінік алынған куәлардың жауаптарымен дәлелденді. Сонымен қатар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті мамандарының сараптамалық қорытындысына байланысты 40 дана киік мүйізі 13-16 жас аралығындағы 20 бас киік серкелерінің мүйізі болып шыққандығы анықталды. Тыйым салынған аңды атумен айналысушылар сот процесі барысында ҚР ҚК 288-бабының 3-бөліміне сай қылмыс жасағаны үшін айыпты деп танылып, әрқайсысына 3 жылға дейін шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы белгіленді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін