Бейжің: Н.Назарбаевтың іскерлік кездесулері - kaz.caravan.kz
  • $ 519.51
  • 611.83
+35 °C
Алматы
2025 Жыл
6 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бейжің: Н.Назарбаевтың іскерлік кездесулері

Бейжің: Н.Назарбаевтың іскерлік кездесулері

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР-дың іскер және қаржылық топтар өкілдерімен кездесті,

  • 1 Қыркүйек 2015
  • 1136
Фото - Caravan.kz

деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Іс-шараға «Хуавэй» корпорациясы басқармасының төрағасы Сунь Яфан, «Цинхуа» корпорациясы басқармасының төрағасы Хо Цинхуа, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің көпжақты уақытша хатшылығының бас хатшысы Цзинь Лицюнь, «СИТИК Групп» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Чан Чжэнмин, Қытай мемлекеттік даму банкінің президенті Чжэн Чжицзе және Қытайдың басқа да жетекші компанияларының басшылары қатысты.

 Кездесу барысында Мемлекет басшысы мұндай кездесулер мен пікірлесулер екіжақты қарым-қатынасты одан әрі дамыту үшін қажет екенін айтты.

«Бұл сапарды Қазақстан-Қытай байланыстарындағы бетбұрысты кезең деп санаймын. Біз Қытаймен негізінен энергетика және ресурс өндіру салаларында 20 жылдан астам белсене ынтымақтасып келдік. Енді жаңа кезеңде экономиканың өңдеу, сонымен бірге машина жасау және ресурсты қайта өңдеу секторларындағы өзара іс-қимылды күшейтуге кірісеміз. Кеше ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен өткен сындарлы келіссөздер  барысында 45 бірлескен нысан ашу жөнінде уағдаластық. Соның 25-і бойынша жалпы құны 23 миллиард доллардың келісіміне қол қойылды», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Қытайдың іскер және қаржылық топтары өкілдерімен жұмыс бабында таңертеңгі ас ішіп, оның барысында ҚР мен ҚХР-ның инвестициялық, қаржы-банк және сауда-экономикалық ынтымақтастығын одан әрі дамыту болашағын талқылады.

Кездесуге «Цинхуа», CITIC Group Huawei Technologies, Sinopec Group, CNPC, China Investment Corporation ірі қытайлық компанияларының, сондай-ақ Қытайдың Мемлекеттік даму банкі, Қытайдың Экспорт-импорт банкі, Азиялық инфрақұрылымдық инвестициялар банкінің көпжақты уақытша хатшылығы, Жібек жолы қорының, т.б. басшылары қатысқан.

Еске сала кетейік, кеше Н.Назарбаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапарының аясында оның ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньмен кездесулері, 12 екіжақты құжатқа қол қою, сондай-ақ үш қытайлық корпорацияның (CNPC, CITIC Group, Qinghua) басшыларымен кездесулері болып өтті.

Сапар 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өтеді.

Бейсенбі күні ҚР Президенті қытай халқының жапондық басқыншыларға қарсы күресі соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады. 

Мұнайдың әлемдік бағасының құлдырауы және жаһандық экономика өсімінің қарқыны баяулаған жағдайында Қытаймен ынтымақтастық Қазақстан үшін зор мәнге ие.  Бұл туралы бүгін Қытайдың іскер және қаржылық топтары өкілдерімен жұмыс бабындағы таңертеңгі астан кейін қазақстандық журналистерге баспасөз мәслихатын өткізген ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтты.

«Бұл сапар біздің Қытай Халық Республикасымен ынтымақтастығымыздың маңызды, қуатты екінші кезеңі ретінде үлкен мәнге ие. Әлемде дағдарыс жүріп, әлемдік қаржы институттарының қаржылық мүмкіншіліктері тарыла түскен сәтте біздер үшін Қытай — осы күрделі дағдарыс жағдайынан шығудың зор жолы, зор сүйеніші», — деді Мемлекет басшысы.


«Біз қазіргі уақытта біздің экспорттық өнімдеріміздің, әсіресе мұнайдың бағасының төмендеуінен зардап шегудеміз. Бүгін 53 доллар болды. Бағасының өсуі қуантады. Бірақ, мұның барлығы құбылмалы. Әрине, бұл біздің бюджет түсімдерімізді қатты қысқартып жіберді. Екіншіден, Ресей мен Еуропа арасындағы санкция да өз ықпалын тигізбей қоймады. Ресей біздер үшін — үлкен нарық. Бізге тікелей әсер етпейді, бірақ, біз зардап шегудеміз және біздің теңгеге қатысты шарамыз барлығымыз үшін қажетті қорғаныс шарасы болды. Менің ойымша, халық мұны дұрыс түсінді және мен сол үшін ризашылық танытамын», — деп қосты Елбасы.

ҚР Президентінің атап өтуінше, осы жолғы ҚХР-ға сапары барысында 45 жобаның 23 млрд. долларды құрайтын 25-іне қол қойылатын болады.

«Мәселен, қазір біз Павлодарда 250 мың тонна металл алюминий жасаймыз, оған тағы 150 мың тонна қосылатын болды. Қостанай облысындағы Атбасар кен орнындағы ірі металлургиялық зауыт, Маңғыстау облысында мұнай-газ құрал-жабдықтарын шығаратын зауыт, мүлдем жаңа қазақстандық бренд — Қостанай, Шығыс Қазақстан автомобильдері», — деп атап өтті ірі жобаларды ҚР Президенті. 

Мемлекет басшысы Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер глисофаттың жетіспеушілігін бастан кешіріп отырғанын атап өтті. «Бізде болған емес, сырттан әкелетінбіз. Енді мұндай химиялық тыңайтқыш шығаратын зауытты Оңтүстік Қазақстанда саламыз», — деді Елбасы.

Еске сала кетейік, кеше Н.Назарбаевтың Қытайға жасаған мемлекеттік сапары аясында ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиньмен, үш қытайлық корпорацияның (CNPC, CITIC Group, Qinghua) басшыларымен кездесулері өтіп, 12 екіжақты құжатқа қол қойылған болатын.

Сапар 3 қыркүйекке дейін жалғасады. Бүгін ҚХР Мемлекеттік кеңесінің Премьері Ли Кэцянмен кездесу өтеді.

Бейсенбі күні ҚР Президенті қытай халқының жапондық басқыншыларға қарсы күресі соғысындағы Жеңісінің 70 жылдығына арналған салтанатты парадқа қатысады.