Жарияланды: 590

Белгілі әдебиетші Тұрсынбек Кәкішев қайтыс болды

Қазақ әдебиеті тағы бір тау тұлғадан айырылды! Белгілі әдебиетші-ғалым Тұрсынбек Кәкішев бүгін қайтыс болды. Ғылым жолындағы табанды еңбегімен талайға үлгі болып, көптеген ғылым докторын даярлап шығарған ардақты ұстаздың қазасына күллі зиялы қауым қайғырып, аза тұтып жатыр.

Қазақ әдебиетінің бүгінгі алыптарының бірі де бірегейі – Тұрсынбек Кәкішевтің қазасы тек қаламгерлердің ғана емес, күллі елдің қабырғасын қайыстырып кеткендей. Барша жұрт қаралы хабарды естіп, жасы да, жасамысы да көңіл айтып жатыр. Бұл қайғы, әсіресе, ол кісімен бірге қызмет еткен ұжымдастарына ауыр тиген.

Жұмат Тілепов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Бұл кісі оқулық жазу мәселесімен, өзі отыздан астам кітап жазған адам ғой. Қазір жинақтағанда, өз 18 томдай болып қалды деп отырған. Бірақ, өзі «соны шығарып кетуім, әй, қиын-ау» дейтін еді, марқұм өзі сол жобалай жүргендей болды. Солай болды.

1927 жылы Арқа төсінде дүниеге келген Тұрсынбек Кәкішев алғашқы еңбек жолын 1944 жылы Ақмола облыстық қазақ драма театрында актер болып бастаған еді. Ғалымның қазақ әдебиетіне қосқан сансыз еңбегінің ішінде бірі сын жанрын өркендету болса, екіншісі Сәкен мен Сәбит жайлы түбегейлі зерттеу жасап, олар туралы елдің пікірін өзгерте алды. Оның зерттеушілік еңбегі шын мәнісінде ұлтының жоғын жоқтауға арналды дейді әріптестері.

Зұфар Сейітжанов, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Қазақ халқының әдебиеті мен мәдениеті үшін Моңғолия, Қытай, Иран, мынау Россияға барды. Осының бәрінде қазақ халқының рухани өміріндегі, мәдениеттегі орнын, деңгейін көтеру үшін, соны бір қалыпқа келтіру, әдебиет тарихын, сын тарихын жасау дейтін мәселелер о кісінің үнемі назарында болды. 

Бүгінде ғалым-жазушының алдын көрген шәкірттерінің өзі еліміздің әр қиырында ғылым докторы, профессор ретінде қызмет етіп жатыр. Солардың бірі – Жанғара Дәдебаев та ұстазының жолын қуған құрметті профессор.

Жанғара Дәдебаев, филология ғылымдарының докторы, профессор:

- Тұрсекеңнің көмегін көрген, тәрбиесін алған ғылым саласындағы жігіттердің өзі қазір оннан асады. Ғылым докторларының өзі. 23:13 Осының бәрінің түп негізі жаңағы біздің Тұрсекең сияқты ұстаздарымызда жатыр. Ұстаздың еңбегі өшпейді.

Қазақ жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді дейді. Ғалым, ұстаз, жазушы, сыншы, ұлтымыздың нар тұлғалы азаматының бойында сол екі қасиеттің екеуі де болды. Демек, Тұрсынбек Кәкішев мұралары туған халқымен мәңгілік жасай бермек.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін