Жарияланды: 800

"Белкамит" АҚ Теңізге 32 жылуалмастырғыш жеткізеді

Қазақстандық "Белкамит" АҚ Италияның "FBM Hudson Italiana" компаниясымен бірлесе отырып Шикі Газ айдау және Теңіздегі Екінші буын зауыты (ШГА/ЕБЗ) жобасы бойынша 32 ауа жылуалмастырғышын сату туралы келісім шартына қол қойды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне "Теңізшевройл" Бірлескен Кәсіпорнының баспасөз қызметінен хабарлады.

Жалпы құны 28 млн. долларды құрайтын бұл келісім шарты - аталмыш жобаның мұқтаждығына арнап машина жасау саласының өнімдеріне жасалған қомақты тапсырыс болып табылады. "Белкамит" пен оның Итальяндық әріптесі бұл тапсырысты байқау негізінде жеңіп алды. "Теңізшевройл " компаниясы атынан әрекет ету, жобалау, сатып алу және ШГА/ЕБЗ кешендері құрылысын басқару бойынша бас мердігер болып табылатын Парсонс Флуор Даниэл компаниясы тапсырысты берді. Бірлескен кәсіпорын үшін тиімді баға ұсынып, қауіпсіздік техникасы нормаларын сақтау, жұмыс сапасы мен кестесін қатаң ұстану талаптарын орындаған жағдайда жобаға Қазақстандық компанияларды көптеп тартуға бағытталған ТШО саясатының арқасында келісім шарты Белкамитке бұйырып отыр. Ауа жылуалмастырғышы газ өңдеу зауытының қондырғыларында жүзеге асырылатын бірқатар технологиялық процесстер арқылы өтетін технологиялық газдар мен сұйықтықтардың температурасын төмендетуге арналған. Жылуалмастырғыштар технологиялық газдардың температурасын 100 градустан 50 градусқа дейін төмендете алады. Теңіздегі атмосфераның температурасы қысқы -36 градустан жазғы +40 градусқа дейін құбылатынын ескере отырып бұл жылуалмастырғыштарда ауа температурасын нақты салқындату процессіне сәйкесетін аралықта ұстауға мүмкіндік беретін циркуляциялық камералар қолданылады. Теңізге жіберілмес бұрын жылуалмастырғыштар Алматыдағы "Белкамит" кәсіпорнында сынақтан өтеді. Жылуалмастырғыштарды құрастыру жұмысы 2003-жылдың соңында аяқталып, дайын жабдық Теңізге 2004-жылдың сәуір айында жеткізілуі тиіс. Тапсырыстың басым бөлігі 2004-жылы орындалады.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть