Жарияланды: 530

Биылғы жаз былтырғыдай ыстық болмайды

2011 жылғы жаз былтырғы жаздай ыстық болмайды, дейді «Қазгидромет» РМК мамандары.

«Жалпы республика бойынша 2011 жылғы жаз 2010 жылғы жаздай әдеттен тыс ыстық болмайды», - делінген метеоорталықтың жұма күні таратқан ақпаратында. Ұзақ мерзімді болжамға сәйкес, «айдың бірінші жартысындағы қатты жауындарға қарамастан, шілде температура бойынша да, ылғал бойынша да көп жылғы көрсеткіштерге жақын болады, Қазақстанның оңтүстік бөлігінде ғана орташа айлық ауа температурасы 1-2°С градусқа жоғары болады». «Жаз ортасында ең ыстық ауа райы Қазақстанның батысы мен шығысында болжанып отыр, елдің батысында ылғал аз түседі, қалған аймақтарда көпжылдық орташа көрсеткіштерге жақын болады», - делінген синоптиктердің ақпаратында. Алайда тамыз айында негізінен республиканың оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ыстық болып, солтүстігінде, таулы және тау етегіндегі аудандарда жауын-шашынды болады. Соңғы 50 жылдағы (1960-2010 жж.) зерттеулер көрсетіп отырғандай, суық және ылғалды жазға қарағанда, жылы және құрғақ жаз басым. Бұл маусым айында - әрбір 6-шы жыл аса жылы, әрбір 10-шы жыл – құрғақ; шілдеде - әрбір 5-ші жыл аса жылы, әрбір 3-ші жыл – құрғақ; тамызда - әрбір 10-шы жыл аса жылы, әрбір 3-ші жыл – құрғақ.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін