"Біз ешкімге де тәуелді болмауыз керек" - республикалық басылымдарға шолу
Елімізде «Халықтық ІРО» бағдарламасы бойынша ұсынылатын қолжетімді акцияларды халыққа сату үдерісі басталып кетті. Алғашқы болып «ҚазТрансОйл» компаниясы өз акцияларын аламын деген халыққа «Қазпошта» АҚ бөлімшелері арқылы сатуды жүзеге асыруда. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Акция алушылар көбейіп келеді» деген тақырыппен берілген. Мәселен, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары |
Қуандық Бишімбаев Ақмола облысы Шортанды аудандық «Қазпошта» бөлімшесінде болып осы бағыттағы жұмыстармен танысқан. «Ресімдеудің жалпы уақыты 20 минөттен аспайды. Брокерлік шотты ашып, аталған уақыт ішінде акцияны сатып алуға болады. Бүкіл республика бойынша екі күннің ішінде халықтан 350 миллионнан астам теңгеге өтінімдер түсті. Осы ырғақ сақталса, айдың соңына дейін жақсы нәтижеге қол жеткіземіз деп ойлаймын», - депті ол.
«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында Парламент Мәжілісінің депутаты Оңалсын Жұмабековтің «Біз ешкімге де тәуелді болмауыз керек» деген тақырыппен жарық көрген мақаласында елімізді жанар-жағармаймен қалай қамтамасыз ету керек, импортқа тәуекелден қалай арылуға болады деген сауалдарға жауап ізделген. «Мұнай және газ министрлігінің басшылығы Қытайға өңдеу үшін мұнай жеткізудің толлингтік схемасы туралы мәселенің шешілгендігі туралы ақпарат беріп отыр. Мұндай жағдайда Қазақстан, біріншіден, сұраншақтың кебін киетін болады; екіншіден, жанар-жағармай жеткізу мәселесінде Ресейге тәуелді бола отырып, ол жағынан Қытайға да тәуелді болады; үшіншіден, валюта немесе сол мұнайдың өзімен көп қосымша шығындар шығарады. «РомПетрол» өңдеген жанар-жағармайды әкелген арзанға түспей ме? Біз өзімізді өзіміз тығырыққа тіреп отырмыз, өйткені, жанар-жағармайды, әсіресе, бензинді және авиакеросинді импорттағаннан басқа, толлингке жүгінуге мәжбүр болудамыз», - дейді халық қалаулысы өз мақаласында.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, сүт безінің рагы - онкологиялық сырқаттардың ішінде көп таралған түрі. Елімізде сүт безі рагының алдын алу мақсатында 5 жыл бұрын маммографиялық скрининг бағдарламасы енгізілген. Скринингтік тексеру еуропалық стандарттар бойынша жүргізілмек. Осыған байланысты Италияның жергілікті мамандарымен онкология және радиология саласының мамандары алдын алу скринингтік зерттеу біліктілігін арттыру үшін шеберлік дәрістерін өткізуде. «Қатерлі ісіктен қауіп көп» деген тақырыппен берілген мақалада соңғы он жылда, елімізде онкологиялық сырқаттар ішінде сүт безі рагы бірінші орынға шыққандығы, жүз мың адамның 20-дан астамынан осы сырқат белгісі табылғандығы жайында айтылған.
***
Қазақстан жанкүйерлерінің ең сүйікті спортшыларының біріне айналған теннисші Ярослава Шведова өз жеңістермен қуантуын жалғастыра түсуде. Бүгінде біздің спортшы дәреже белгіленетін әлемдік тізбеде 28-ші орынға көтерілді. Ол мұндай жетістіктерге қалай жетті, алдағы жылы қандай жоспарлар түзу үстінде екендігін «Казахстанская правда» газетіне берген сұхбатында кеңінен баяндаған. Екеуара әңгіме тақырыбы - «Ярослава Шведова: Казахстан - мой дом!».
***
Максим Галкиннен айнымайтын өскемендік азамат Мәскеуде өткен Кристина Орбакайтенің концертінде Алла Пугачевамен жүздесіпті. «Экспресс К» газетінің жазуынша, ол өзінің Максимге ұқсастығымен Примадоннаны таң қалдырған көрінеді.
Естеріңізге сала кетейік, Өскеменде ет сатумен айналысатын 24 жастағы Андрей Аксютов ресейлік сықақшы әрі әншінің күйеуі Максим Галкинге қатты ұқсайды. Сондықтан да жас жігіт мұны тағдырдың берген сыйына бағалап, Пугачевамен қалайда жүздесуді алдына мақсат етіп қойған. Толығырақ «Алкин Галкин» деген тақырыптағы мақаладан біле аласыздар.
Пікір қалдырыңыз
Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін