Жарияланды: 610

Біз ҚР Ата Заңына қандайбір өзгерту енгізуді көздеп отырған жоқпыз - ҚР Елбасы

"Конституцияның тұрақтылығы - Қазақстандағы тұрақтылықтың нышаны. Сондықтан біз оған қандай да бір өзгерту енгізуді көздеп отырған жоқпыз. Мұндай өзгертудің қажеті де жоқ. Өйткені, Қазақстан Ата заңының қоғамды одан әрі либерализациялаудағы ауқымды әлеуеті әлі де сарқылған жоқ". Бұл туралы бүгін, 27-тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халықтары Ассамблеясы Кеңесінің 14 мүшесіне - ұлттық -мәдени бірлестіктердің басшыларына президенттік

гранттар табыс ету барысында мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі. "Дүниежүзінің көптеген елдерінде конституция ғасырлар бойы өзгеріссіз жұмыс істеп, қоғам соның негізінде өсіп-өркендейді, ал біз Қазақстан Ата заңындағы мүмкіндіктерді әлі де толық пайдалана алған жоқпыз",- деді Н.Назарбаев. Елбасының пайымдауынша, бүгінде "біз жалпы халық болып 1995-жылы бір дауыстан қабылдаған Қазақстан Конституциясының өлшеусіз ролі туралы ауыз толтырып айтуға қақымыз бар. Дәл осы Ата заң еліміздегі бейбітшілік пен ұлтаралық татулықты, қоғамдағы саяси тұрақтылық пен дамуды қамтамасыз етті". "Конституция көп партиялылық пен пікір алуандығына негізделген жаңаша саяси мемлекеттілік жүйесінің жұмыс істеуіне негіз қалады. Еліміз экономикасы мен халықтың әл-ауқаты осы Конституция негізінде өсіп келеді. Қазақстан азаматтарының бейқам тыныс-тіршілігі де осы Ата заңның негізінде қалыптасып отыр",- деді Елбасы. "Қазақстан Конституциясы елімізді демократиялық қоғам ретінде жариялады. Қазір біз әлеуметтік сипаттағы нарықтық экономиканы құрып жатырмыз. Осындай бұлтарыссыз қағидаларды жүзеге асыру - біз мақтан тұта алатын тіршілік деңгейін қамтамасыз етті",- дей келіп Елбасы халықтың тұрмыстық деңгейіне қарай Қазақстанның қазір ТМД елдерінің барлығынан дерлік көш ілгері екенін атап өтті.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін