— «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясының 3,9 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлуі Батыс Қазақстан облысы үшін аса ауыр кезеңде үлкен демеу болғанын атап айтқым келеді. «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындары — «Барлау Өндіру «ҚазМұнайГаз» АҚ, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ-ның көмегі алапат су тасқынының салдарын жоюға қомақты үлес болды. Қаржылай көмек көрсете отырып, Сіздер, ең алдымен біздің облыстың зардап шеккен тұрғындарына моральдық қолдау көрсеттіңіздер. Қалыптасқан жағдайдан тез арада шығу үшін мемлекеттің бар мүмкіндікті жасап жатқанына халық кәміл сеніп отыр», — деп жазылған хат мәтінінде.
Табиғаттың дүлей күші Батыс Қазақстан облысының экономикасына үлкен зиян келтірді. Зеленов, Тасқала, Ақжайық аудандарының және Орал қаласы маңындағы көптеген тұрғындар үй-жайсыз қалды. «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ демеушілік қаржысына Орал қаласының 5-ші шағын ауданында 90 пәтерлі 3 үй, Батыс Қазақстан облысының Зеленов ауданында 106 тұрғын үй, Тасқала ауданында 72 тұрғын үй салынатын болады. Қазіргі кезде құрылыс алаңдарында үйлердің іргетасы қаланып, қабырғалары тұрғызылуда. Тұрғын үйлерді пайдалануға беру жылу берілетін маусымға дейін жоспарланып отыр.