Жарияланды: 580

БҚО әкімі Жәнібек ауданын тікұшақпен аралап шықты

Сенбі күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов бөкендердің жаппай қырылуына байланысты Жәнібек ауданының төңірегін тікұшақпен аралап шықты.

Бұл туралы ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінен мәлім етті. Әкіммен бірге тікұшақ бортында комиссия мүшелері болды. Бөкендердің қырылу аумағы 2800 гектарды құрады. Еске салайық, жұма, 27 мамыр күні БҚО бойынша Төтенше жағдайлар департаментінің кезекші бөліміне жергілікті тұрғындар хабарласып, Жәнібек ауданы, Жақсыбай ауылдық округінің Айдарлы және Байауыл учаскелерінде бөкендердің 100 бас көлемінде өлекселерін тапқандығын айтты. Жәнібек ауданының әкімдігі бөкендердің қырылу себептерін және қырылған жануарлардың санын анықтау мақсатында комиссия құрды. Оқиға орнына жеткен комиссия мүшелері құлаған ак бөкендердің 200 басын тапты, олардың басым бөлігі - аналықтар мен жас төлдер. ТЖМ-нан анықтағандай, өзге жабайы жануарлар мен үй жануарларының сондай-ақ, құстардың қырылу фактілері тіркеліп жатқан жоқ. Төтенше жағдай орнында жұмыс істеп жатқан БҚО бойынша Республикалық ветеринарлық зертхананың мамандары және аудандық санэпидқадағалау басқармасының қызметкерлері өлекселер мен топырақтан талдауға материалдар алды. Жабайы жануарлардың көшіп-қону іздері бойынша тексерулер жүргізілуде. Айта кетейік, өткен жылы мамыр айында осы облыста пастереллез - инфекциялық жұқпасы салдарынан бөкендер жаппай қырылған болатын.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть