Жарияланды: 690

БҚО: Тінәлиев ауылында тігерге тұяқ қалмады

Тұтас ауылда адамнан басқа тіршілік иелері бір-ақ күнде құртылды. Батыс Қазақстан облысын дүрліктірген аусыл ауруының ошағы Тінәлиев ауылында тігерге тұяқ қалдырмады. 2000-нан астам мал өртеліп, ауылда залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Елдімекенге облыс әкімі бүгін ғана ат басын тіреді.

Суық қабақ ауылға облыстың білдей басшысы суыт барды. Таң алакеуімде тікұшаққа мінген ол тынышы кеткен Тінәлиевті төбесінен бақылап, бажайлап қарады. Облыс орталығынан 170 шақырым шалғай жатқан ауылдың 100-ге тарта тұрғыны әкімді асыға күткен. «Облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов келді»дегенді естіген ел,ізінше,бір ғимаратта қауқылдасты. Әкім бүгін қатты толқыды.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Кішілеріңізге сәлем, кішілеріңізге амансыздар ма деймін.

13 мамырда бірінші малдың өлексесі табылған ат төбеліндей елдімекеннің тұрғындары үш аптаға карантинге жабылып, оқшауландырылған. Ауылға жетпейсің, жетсең, қайтып кетпейсің деген қатқан қағида бар. Араға 20 тәулік салып, артынып-тартынып келген әкім, «облыс басшылығы опасыз деп, оңдырмай сойыл салуды қойыңыздар» -  деді елге. «Ауыл ашықты-ау» деп ауыздарынын жырып әкелген азықтары бар екен.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысының әкімі:

- Бүкіл республика, аудан, ауылдар су тасқынынан зардап шеккенде көмектесті. Оларды қайта мазаламайық деп, облыс басшылары, тек қана облыс басшылары, өзіміз жиналып, сіздерге үлкен көмек әкелдік.

Азық-түлік тиелген жүк көліктері қаңтарылып тұрды, жауынның астында. 4000 қалбыр бұқтырылған ет,  2 тонна шекер, шай - бәрі бар. Облыс басшысы құстың сүтінен басқаны көтеріп келіпті, сапасын да жақсы біледі.

- Ұн  бес тонна, жоғары сорт, бірінші сорт емес.     

Елдің есін алғаны - өртенген малдың өтемақысы. Облыс басшысы оны да ұмыт қалдырмады. Ірі қараға 80, ұсақ жандыққа 12 мың 800 теңгеден бөлініпті.

Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын. Кеңестік кезеңдегі ұран тінәлиевтіктердің күнделікті өміріне кірісті. Бүтін ауылда бос қора-қопсы ғана қалған. Аусылдың себебі де анықталды, кеш те болса: бәрін бүлдірген жергілікті қос кәсіпкердің Ақтөбеден әкелген екі бұқасы екен...

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть