Бүгін - Отбасы күні - kaz.caravan.kz
  • $ 474.83
  • 515.38
+22 °C
Алматы
2024 Жыл
27 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін - Отбасы күні

Бүгін - Отбасы күні

Бүгін - Отбасы күні. 2013 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» Заңға өзгертулер енгізу жөніндегі Жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі - Отбасы күні болып бекітілген болатын. Дәл сол жылы 8 қыркүйекте Қазақстанда тұңғыш рет Отбасы күні мерекесі аталып өткен еді.

  • 13 Қыркүйек 2015
  • 1516
Фото - Caravan.kz

2014 жылы 5 наурызда «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 6 желтоқсандағы №250 өкімі 4-тармағының 1) тармақшасын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсын өткізу қағидаларын бекіту туралы қаулы шығарған болатын және ол ресми БАҚ-та жарияланған еді. Осы жылдан бастап қоғам назарын отбасылық құндылықтарды сақтауға аудару әрі оны дәріптеу мақсатында «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы өткізіліп келеді. Бұл елімізде мемлекеттік деңгейде отбасы, жанұя ұғымдарына көрсетілетін зор құрметті паш етеді және оған ерекше назар бөлінетінін айқындайды.

Биыл осы конкурстың жеңімпаздарын анықтау сәті Отбасы күніне орайластырылып, кеше, яғни 12 қыркүйекте өткізілді. Ұлттық конкурстың жеңімпаздарын марапаттау шарасында ҚР Мемлекеттік хатшысы — ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың барша Қазақстан халқын Отбасы күнімен  құттықтауын оқып берді.

«Қымбатты қазақстандықтар, құрметті салтанатты жиынға қатысушылар! Баршаңызды менің Жарлығыма сәйкес қыркүйек айының 2-ші жексенбісінде аталып өтілетін Отбасы күнімен шын жүректен құттықтаймын.  «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының мәресі осы айтулы күнге орайластырылған. Әрбір шаңырақтағы береке түптеп келгенде тұтас елдің берекесі. Адамға еңбекқорлық, отансүйгіштік, жасампаздық пен мейірімділік сияқты асыл қасиеттер отбасы арқылы дариды. Менің бастамаммен қолға алынған «Мерейлі отбасы» конкурсы қысқа мерзім ішінде жалпыхалықтық байқауға айналғанын ризашылықпен атап өтемін. Былтырғы жылға қарағанда биылғы жылы байқауға көп балалы отбасылар екі есе, жас отбасылар 1,5 есе көп қатысты. Сондай-ақ конкурсқа жалпы қатысушылардың 80 пайызға жуығы ауыл тұрғындары болып табылады. Олардың арасында әртүрлі мамандық иелері, ата кәсібін ұрпақтан-ұрпаққа мирас еткен еңбек әулеттері бар. Барлығы да құрмет пен мадаққа  лайық. Бүгінгі мерейлі күнде әрбір қазақстандық отбасына қажырлы еңбек, тағлымды тәрбие, ізгі дәстүрлер сабақтастығын лайықты жалғастырып келе жатқаны үшін зор ризашылығымды білдіремін. Берік отбасылық құндылықтар арқылы ғана мемлекеттің іргесі мығым, ғұмыры мәңгі болады. Баршаңызға зор денсаулық, береке-бірлік, жақсылық тілеймін! Шаңырақтарыңызға махаббат пен татулық салтанат құрсын!» — делінген ҚР Президентінің құттықтауында.

Естеріңізге сала кетейік, кеше елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Мерейлі отбасы» Ұлттық конкурсының 2015 жылғы жеңімпазы анықталды. Бас жүлдені маңғыстаулық Құлсариевтер отбасы еншіледі. Бұл отбасы интернет дауыс беру барысында 25 мың 751 дауыс жинаған болатын. Құлсаривтер отбасын ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова құттықтап, оларға Қазақстанда шығарылған «IVECO» шағын автобусының кілтін табыс етті.