Бүгін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Өмірбек Жолдасбековке 85 жыл - kaz.caravan.kz
  • $ 471.93
  • 548.43
+19 °C
Алматы
2026 Жыл
20 Мамыр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Бүгін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Өмірбек Жолдасбековке 85 жыл

Бүгін ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Өмірбек Жолдасбековке 85 жыл

Өмірбек Жолдасбеков Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасад

  • 1 Наурыз 2016
  • 738
Фото - Caravan.kz


85 жыл бұрын (1931-1999) қоғам және мемлекет қайраткері, ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылым қайраткері, С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) Құрметті профессоры, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ЖОЛДАСБЕКОВ Өмірбек Арысланұлы дүниеге келді.

Академик Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам ауданында туған. М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін бітірген. 1954-1958 жылдары — Қазақ химия-технология институтының оқытушысы, аға оқытушысы, механика факультетінің деканы. 1958-1962 жылдары — Мәскеу тоқыма институтының аспиранты, ассистенті. 1962-1970 жылдары — Қазақ политехника институтының (қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті) аға оқытушысы, доценті, кафедра меңгерушісі, деканы, проректоры. 1970-1986 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) ректоры. 

Қазақ мемлекеттік университеті қалашығының салынуына ұйытқы болып, көптеген жаңа кафедралардың ашылуына басшылық жасады. 

1986-1988 жылдары — Қазақ мемлекеттік университетінің қолданбалы математика кафедрасының меңгерушісі. 1988-1994 жылдары — Қазақстан Ғылым Академиясының Механика және машинатану институты зертханасының меңгерушісі, директоры, құрметті директоры. 1994-1995 жылдары — Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ғылым, блім және жаңа технологиялар жөніндегі комитетінің төрағасы. 1995-1996 жылдары — Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты. 1996 жылдан өмірінің соңына дейін Парламент Мәжілісінің депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комитетінің төрағасы қызметтерін атқарған. Ол 1991 жылы Халықаралық инженерлік академияның вице-президенті, 1993 жылы Ислам елдері инженерлік академиясының вице-президенті, 1997 жылы Америка инженер-механиктер қоғамының мүшесі болып сайланған. Қазақстан Республикасы Инженерлік академиясының негізін қалап, оның тұңғыш президенті болды. Ол жазық рычагты жоғарғы класты механизмдер кинематикасы, кинетостатикасы, серпінді буынды механизмдер динамикасы салаларында ғылыми зерттеулер жүргізіп, жазық және кеңістіктік жоғарғы класты механизмдер мен манипуляциялауыш құрылғылардың графиктік-аналитикалық және аналитикалық теориясын негіздеді. Соның нәтижесінде оның басшылығымен әлемдік тәжірибеде теңдесі жоқ жаңа жүк көтергіш, жүк тиегіш-түсіргіш, грейдерлік, жүк қармауыш және манипуляциялауыш құрылғылар жасалып, өндіріске енгізілді.

Ол қазақ ғалымдары арасында бірінші болып қазақ тілінде машинатанудың терминологиялық сөздігін жасап, машиналар мен механизмдер теориясы туралы оқулықтар жазды. Аталған ғылым салалары бойынша ғалымның 400-ден аса ғылыми еңбектері, 12 монографиясы жарық көрген. 30-дан аса оқулықтары мен оқу құралдарының, 126 авторлық куәлік пен шетелдік патенттердің авторы. Ленин, 2 рет Еңбек Қызыл Ту ордендарымен, бірнеше медальмен, оның ішінде Халықаралық және ресейлік ғылыми-инженерлік бірлестіктердің Г.В.Шухов атындағы алтын медалімен, әл-Хорезми атындағы халықаралық фестивальдің алтын медалімен, Халықаралық инженерлік академияның күміс медалімен марапатталған. Өмірбек Жолдасбековтың есімі Механика және машинатану институтына, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қалашығындағы Студенттер сарайына, университет мұражайына, сондай-ақ, Алматы және Шымкент қалаларындағы көшелерге берілген.