Жарияланды: 370

Бүгін «Союз» кемесі ұшу алаңына жеткізіліп, ғарышкерлер дайындықтарын тағы бір пысықтады

Тағы бір қазақтың ғарышқа ұшуына санаулы күн қалды. Қазір Байқоңырда соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Бүгін «Союз» кораблі ұшу алаңына жеткізілді. Естеріңізге сала кетсек, екінші қыркүйек күні осымен үшінші қазақ ғарышқа аттанады. Айдын Айымбетов отандық ғарыш саласының дамуына айтарлықтай үлес қоса алады дейді мамандар.

Көптен күткен ғарыш кемесі арнайы тұрақтан шығарылып, осылайша баяу қозғалыспен жеткізілді. Алып техниканың ұшу алаңына қарай жүргізілуін әлемнің жүзден астам елінен келген тілшілер бақылады. Жаяу жүргіншінің жылдамдығына тең темір жолдағы 7 шақырымдық қозғалыс 2 сағат уақытты алады. Барлық шұғыл қызмет өкілдері де осы қысқа да ұзақ жолдың әр метрін құрлықтан да, әуеден де назарда ұстады.

Корабль ұшу алаңына жеткізілген соң теміржол құрамынан ажыратылып, жоспарланған қалыпқа келтірілді. Енді ұзындығы 50 метрлік ғарыш кемесі ұшуға дайын деуге болады.

Владимир Бармин, Жердегі ғарыш инфрақұрылым нысандарын қолдану орталығының бас конструкторы:

-Алдағы уақытта зымыран толығымен тексеріліп шығарды. Жанармай құйылып, сынақтан өткізілуі тиіс. Бірақ бұл әрекеттердің барлығы көрермендердің назарынан тыс қалмақ.

Дәрігерлердің айтуынша, ғарышқа аттанатын үш ғарышкердің де денсаулығы жақсы. Моральдық тұрғыдан да тағы бір тексеруден өткізіліпті. Осыған қарамастан, олардың орнын алмастыра алатын ғарышкерлер де Байқоңырға жеткізілген.

Мария Пушкарь-Василевская, Ю.А.Гагарин атындағы ғарышкерлерді дайындау орталығының зертхана басшысы:

-Айдын біздің көңілімізден шығып отыр. Денсаулығы жақсы, ғарышқа ұшуға ынтасы зор. Енді оған осы бағыттан таймай, өз арманына қол жеткізу ғана қалды.

Ертең экипаж мүшелері журналистермен кездеседі. Дәл сол жерде олар атқаратын жұмыстары туралы айтып бермек. Ал араға тағы бір күн салып, 20 жылдық үзілістен соң үшінші қазақ ашық ғарыш кеңістігіне жол тартады. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін