Бүгін Ақордада Қазақстан, Беларусь және Ресей басшыларының үшжақты кездесуінен кейінге бірлескен мәлімдемеде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.
«Сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға, үкіметтерге туындайтын мәселелерді дер кезінде шешуге тапсырма беру туралы келістік. Үкіметтерге өзара сауда көлемінің өсімін қалпына келтіру тапсырмасын береміз. Сонымен бірге біз байқап отырған дағдарыстарға әрекет ету бойынша жедел шешімдерді қабылдап, талқылау үшін осындай іскерлік бейресми кездесулерді өткізу тәжірибесін жалғастыруға келістік», — деді Елбасы.
Мұнымен қоса, ҚР Президенті Украинаның оңтүстік-шығысындағы шиеленіс бойынша Қазақстан тарапы проблеманы дипломатиялық жолмен шешу ұстанымында екенін қадап айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан Ұлы Жеңістің 70 жылдығына байланысты Мәскеуде мерекеленетін шараларға белсенді қатысатындығын жеткізді.
Н. Назарбаев Қазақстан ТМД төрағасы екенін айта келе, осы орайда мемлекет басшыларын биыл күзде Астанаға келуге шақырды.