Бұл туралы Raimbek Group компаниясының коммерциялық директоры Сергей Полухин мәлім етті.
«Әзірге Ұлттық экономика министрлігінен ресми құжат келіп түскен жоқ. Тек мәлімдеме ғана жасалды. Ақпар күтіп отырмыз. Анық-қанығына жетеміз. Шын мәнінде, бұл өзі қызық жағдай болды. Өйткені, біз Қазақстанға келетін өнімдердің барлығын дерлік Ресей нарығындағы көшбасшы компаниядан аламыз. Ол өнімдер сертификатталады, аккредитацияланған зертханадан өтеді», — деді С.Полухин сәрсенбі күні журналистерге.
Raimbek Group компаниясы тыйым салынған «Талка» және «Зеленая марка «Ржаная» спиртті ішімдіктерінің ресми дистрибьюторы болып табылады.
С.Полухиннің айтуынша, елге әкелінетін өнімдердің әр партиясы санитарлық-эпидемиологиялық сараптамадан өтеді.
«Тексеру кезінде мемлекеттік органдар жалған тауарға тап болған болуы мүмкін. Соны тексерген өкілетті органдар аталған өнімдерге тыйым салу туралы шешім қабылдаған шығар», дейді ол.
Бұған дейін хабарланғандай, Ұлттық экономика министрлігінің Тұтынушылар құқын қорғау жөніндегі комитеті Ресейден әкелінген алкоголь өнімдерінің азық-түлік қауіпсіздігі талаптарына сай еместігін анықтаған болатын. Сараптама нәтижесінде «Талка», «Империя», «Дикий гусь», «Зеленая марка «Ржаная», «Русский гранат качества», «Рублевка» және «Посольская» арақтарын сатуға тыйым салды.
Тыйым салынған өнімдер арасында «Miller Genuine Draft», ақ «Hoegaarden White»; «Grolsch» Premium Lager», «Brahma», «Pilsner Urguell», «Жигули» барное» және «Жигулевское», «Бад», «Lowenbrau Original» сыралары да бар.