Жарияланды: 680

"Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" қазақстандық кәсіпорындардың құны 780 миллион доллар көлеміндегі өнімдерін сақтандырды

Бүгін, 17-наурызда ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов "Экспорттық кредиттерді және инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру корпорациясы" акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Әлихан Смайыловты қабылдап, аталмыш даму институтының қызметі туралы есебін тыңдады. Бұл туралы KZ-today тілшісіне үкімет басшысының баспасөз қызметінен хабарлады.

Корпорация наурыздың орта шеніндегі көрсеткіш бойынша отандық экспорттаушылар жөніндегі дерекқор жиынтығын құрып, қазақстандық кәсіпорындардың құны 780 миллион доллар көлеміндегі, таяу және алыс шетелге шығарылатын өнімдерін сақтандырған. Соның ішінде, Латвия, Ресей және АҚШ-қа шығарылатын өнімдер сақтандырылды. Таяу уақытта Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанға шығарылатын қазақстандық кәсіпорындар өнімдерін сақтандыру жөніндегі келіссөздер аяқталмақшы. Ә.Смайыловтың ақпараты бойынша, еліміздің экспортталатын өнімдерінің 80 процентін (немесе 10, 3 миллиард АҚШ доллары) мұнай, металл, астық, газ, көмір және басқа да кен түрлері құрайды. Қалған бөлігін шикізат емес сектор, яғни темір мен болат прокаты, машина жасау мен химиялық өнімдер иемденіп отыр. Сонымен қатар, Ә.Смайыловтың айтуынша, шикізат секторындағы көптеген кәсіпорындар экспортталатын өнімдерін сақтандыруды қажетсінбейді. Оған себеп, кәсіпорындар төлемді толығымен алдын-ала өтейді, немесе әріптестері сенімді. Корпорация басшысының пікірінше, өнімдерін өткізу үшін шетелдік рыноктарды игере бастаған шағын және орта бизнес кәсіпорындары да кешікпей олардың негізгі әріптестері қатарына қосылуы тиіс. Қаржының қайтарылу көрсеткіші жоғары елдермен әріптестік байланыстар орнатқан компанияларға қызмет көрсету Корпорация үшін тиімді болмақ. Индустриялық-инновациялық даму Стратегиясын жүзеге асырудың бір тетігі болып есептелетін Корпорацияның жұмыс нәтижесін жоғары бағалаған Даниал Ахметов Корпорация басшысына ағымдағы және орта мерзімді бірқатар міндеттер жүктеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін