Жарияланды: 480

Электрондық жүйені енгізу арқылы ғана кеден саласындағы кемшіліктерді жоюға болады

Отандық кеден саласына электрондық жүйені енгізу арқылы ғана бар кемшіліктерді жоюға болады.

Бүгін Астанада басталған «Кедендік одақ: тәжірибе, мәселелер мен шешу жолдары» тақырыбындағы «дөңгелек үстелдің» отырысында Кедендік декларанттардың қазақстандық одағының президенті Нұрлан Бұршақбаев осылай айтты. Оның пайымдауынша, осы саладағы барлық кемшіліктер адам факторына байланысты. «Мәселен, салық саласында бухгалтерлік есеп-қисапты электронды рәсімдеу тетігі енгізілгеннен кейін жемқорлықтың көрсеткіші күрт төмендеді. Демек, адам факторы алыстатылғаннан кейін осы салада өзекті проблема өз шешімін тапты. Менің ойымша, электронды жүйені енгізсе, кеден саласында да дәл осылай болуы мүмкін. Негізі, кейбір кедендік мәселелерді шешу кезінде кеден инспекторының болуы қажет емес, оны электронды тұрғыда да шешуге әбден болады. Бүгінде Қазақстанда «Электронды құжат және электронды-сандық қолтаңба туралы» заң бар, бірақ кеден саласында ол мүлдем орындалмай жатыр. Қазіргі кезде бізде электронды-сандық қолтаңбаны беретін ұлттық орталық бар. Неге кедендік сектор осы орталық мүмкіндіктерін пайдаланбайды?», - дейді Н.Бұршақбаев. Ұйым төрағасы атап көрсеткендей, отандық кеден саласы электронды жүйеге көшкен кезде ғана Кедендік одақтың артықшылығы байқалады. Ол үшін Қаржы министрлігі мен кеден органдарының нақты іс-әрекеті қажет.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін