Жарияланды: 1200

Елбасы "Эфес Қарағанды" деп аталатын жаңа сыра зауытында болды

Бүгін, 26-тамызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жұмыс сапары аясында "Эфес Қарағанды сыра зауыты" ЖАҚ-ның сыра өндіретін жаңа кәсіпорнының ашылуына қатысты.

Компаниядан хабарлауынша, зауыттың бастапқы қуаты жылына 6 млн. декалитрді құраса , жобалық құны 10 млн. декалитрге жетеді. Зауыт толық қуатын алдағы 5 жылда игереді деп межеленген. 2001-жылдың қазан айынан басталған зауыт құрылысына 25 млн. доллар көлемінде инвестиция жұмсалды. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, зауытты салуға жұмсалған шығынның өтемі 3-4 жылда қайтарылады. Кәсіпорын жыл сайын бюджетке 9,3 млн. доллар салық төлемдерін аударады деп күтілуде. Бүгінде зауыт "Қарағанды" сауда маркасы бойынша өнім шығара бастаса, бір айдан кейін "Старый мельник" атты, ал екі айдан кейін "Efes Pilsener" атты сыра өндіруді қолға алады. Бүгінгі таңда кәсіпорында 300 адам жұмыс істейді, ал болашақта жұмысшылар саны едәуір артқалы отыр. "Эфес Қарағанды сыра зауыты" "Efes beverage group" холдингінің құрамына қамтылады. Алматы облысындағы зауыттың пайдалануға берілуі нәтижесінде "Efes beverage group" компаниясының жалпы инвестициясының көлемі 75 млн. долларға жетті. 30 компаниядан құралатын "Efes beverage group" холдингтік бірлестігінің иелігінде дүниежүзінің 7 елінде орналасқан 14 сыра зауыты, 4 ашытқы өндірісі, құлмақ өңдеуші бір кәсіпорын бар. 1995-жылы холдинг "Кока-кола Алматы боттлерс" зауытын жаңалау жобасын қаржыландырса, 1997-жылы Қарағанды сыра зауытын жекешелендіріп алды. Ал таяу болашақта компания еліміздің батыс бөлігінде тағы бір сыра зауытын салуды жоспарлап отыр.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть