Жарияланды: 960

Елбасы Қостанайдағы С.Мәуленов атындағы мектепке автобус сыйлады

Қостанай облысына жұмыс сапарымен келген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев С.Мәуленов атындағы мектепті аралады,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Мемлекет басшысы мектеп ғимаратына жүргізілген жөндеу жұмыстарына қарағаттанарлық баға берді. Бұл мектепте үздік оқуға барлық жағдайлардың жасалғанын атап көрсеткен Елбасы білім ордасының оқушыларына автобус сыйлады. С.Мәуленов атындағы қазақ орта мектебінде 1100 қостанайлық бала оқиды. Биыл іргетасы қаланғалы 40 жылдан бері жөндеу көрмеген мектеп ғимаратына күрделі жөндеу жасалды. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 200 млн. теңге бөлінді. Қазір жаңарған мектепті көргендер оны еліміздегі ең таңдаулы білім ошақтарының қатарына қосып отыр. Ғимаратты жөндеу барысында қазіргі заманғы оқу ордасына қойылатын барлық талаптар орындалды. Жөндеу жұмыстарынан кейін мектепте сапалы жабдықпен жарақталған екі бірдей лингафондық кабинет ашылды. Сондай-ақ, информатика пәніне арналған екі класс Интернет желісіне шығатын қазіргі заманғы ең озық компьютерлермен жабдықталды. Барлық класстар, кітапхана мен қосалқы бөлмелерге арнап жиҺаздар мен жабдықтар сатып алынды. Мектепке қосымша жаңа құрылыс салынып, онда балаларды еңбекке баулауға арналған ағаш шеберханасы, тігін және тағам жасау кабинеттері орналасатын болды. Бас-аяғы ат шаптырым жиналыс залы қазіргі заманғы бейне және аудио аспаптармен жабдықталған. Спорт залында киім шешетін бөлмелер мен душ кабинеттері ашылды. Су қамтамасыздығы мен канализация жүйесі, жасанды жарық беру жүйесі мен өртке қарсы дабыл жүйелері толыққанды жаңаланды. Мектеп директоры Бекежан Құсмұрзиннің айтуынша, мектепте білім беру саласындағы соңғы жетістіктерді ұдайы меңгеруге ұмтылатын жоғары кәсіби оқытушылар құрамы жұмыс істейді. Бүгін сондай-ақ, президент Нұрсұлтан Назарбаев таяуда ғана салынған Константино-Еленинский шіркеуінде болды. Діндарлармен жүздескен мемлекет басшысы, "егер мемлекетті шіркеумен салыстырар болсақ, мен буддистер, мұсылмандар мен христиандардың қай-қайсысына да орын табылатын біртұтас шіркеу салуды қалар едім",- деп өзінің ішкі ой-арманымен бөлісті. Константино-Еленинский шіркеуі сопылардың жеке қаржысына салынған. Оның жобалық құны 70 млн. теңгені құрады. Шіркеудің ішін Ресейдегі танымал Сызрань мектебінен дәріс алған икон сызушылар әшекейледі.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін