Жарияланды: 520

Елбасы Қостанайға келді

3-қыркүйек, сәрсенбіде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі

Әуежайда Елбасын Қостанай облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, Қостанай қаласының әкімі Виктор Ленивцев пен Ресейдің Красноярск аймағының губернаторы Александр Хлопониндер күтіп алды. Сапар барысында ҚР үкімет басшысының орынбасары әрі ауылшаруашылық министрі Ахметжан Есімов пен Елбасының көмекшісі Мәжит Есенбаевтар президентпен бірге жүреді. Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, сапар бағдарламасында өнеркәсіптік және ауылшаруашылығы кәсіпорындарын аралау, әлеуметтік-мәдени нысандарда болып, облыстағы дін басылармен жүздесу межеленген. Рудный қаласында Н.Назарбаев тау-кен саласы кәсіпорындарының жұмысымен танысып, Соколов-Сарыбай кен байыту комбинаты мен Қашар кен басқармасында жұмыс істейтін оралмандармен кездеседі. Сапар барысында әсіресе Қостанай дизель зауытына жасалатын сапарға ерекше маңыз беріліп отыр. Мұндағы қозғалтқыш өндіру жұмысын "Агромашхолдинг" ААҚ қалпына келтіріп жатқаны белгілі. Сондай-ақ, мемлекет басшысы облыстағы егістік алқаптардағы астық жинау науқанының барысымен танысады. Бүгін, 3-қыркүйекте Нұрсұлтан Назарбаев аймақтағы ең ірі білім ошақтарының бірі болып табылатын Сырбай Мәуленов атындағы қазақ тілінде білім беретін мектеп пен қазір құрылысы салынып жатқан православиелік шіркеуді аралайды деп күтілуде.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть