Жарияланды: 500

Елімізде 2004-2005-жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес бағдарламасын жүзеге асыруға 1 млрд.183 млн. теңге қарастырылды

Бүгін, 19-тамызда Астанада өткен үкіметтің кезекті отырысында министрлер кабинетінің мүшелері 2004-2005-жылдарға арналған нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес бағдарламасын талқылап бекітті,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі Елордасынан.

Отырысқа төрағалық жасаған ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметовтың пікірінше, "бағдарлама сауықтыру сипатында болуы тиіс". "Нашақорлық- жалпы адамзаттың басына төнген ортақ зұлмат болғандықтан онымен күрестің өзектілігі болашақта тіптен арта түспек",- деді ол. Осыған байланысты үкімет басшысы халық арасында иделогиялық жұмыстар жүргізудің қажеттігіне тоқталды. ҚР әділет министрі Оңалсын Жұмабековтың хабарлауынша, бағдарламаны жүзеге асыруға 1 млрд. 183 млн. теңге қарастырылған. Бағдарлама аясында есірткіге тәуелді жандарды әлеуметтік сауықтыру орталығын ашу, оларға арнап телефон арқылы біртұтас ақыл-кеңес беру қызметін құру көзделіп отыр. Нашақорлықпен күрес мақсатында республикалық бюджеттен кинологиялық қызметті нығайтуға 180 млн. теңге, есірткіге қатысты қылмыстар туралы мәліметтер жинағын жасауға 130 млн. теңге, құқық қорғау органдары мен әлеуметтік қызметтерді нығайтуға 500 млн. теңге, соттарды есірткіге қатысты қылмыстық істерді қарауға мамандандыруға 55 млн. теңге бөлінді. Алайда, О.Жұмабековтың пікірінше, қолданылған осындай шараларға қарамастан "нашақорлыққа және есірткі саудасына қатысы еліміздегі ахуал жақсармай отыр". Қазір қолданыста жүрген 2002-2003-жылғы нашақорлықпен және есірткі саудасымен күрес бағдарламасы бойынша бюджетте қарастырылған 375 млн. теңгенің 189 млн. теңгесі игерілді,- деп хабарлады министр. ҚР әділет министрлігінің ақпараты бойынша, елімізде нашақорлықтан зардап шегетін 48 мың адам тіркелген.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть