Болашақ студенттерге қандай мүмкіндіктер ұсынылады және қай бағыттарда грант ұтып алу жеңіл болады? Сaravan.kz медиа порталы орыс басылымына сілтеме жасап тарқатады.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі 2025/2026 оқу жылында болашақ студенттерді қолдауға бағытталған жаңа бастамаларды жариялады. Келесі оқу жылында жоғары білім алуға арналған 71 844 білім беру гранты бөлінеді. Бұл шешім ел экономикасының білікті мамандарға деген сұранысын қанағаттандыруды көздейді.
Ел экономикасына қандай мамандар қажет?
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік тапсырыс Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге әзірленген орта мерзімді болжамға негізделген. Сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар, салалардың даму үрдістері мен “Атамекен” Ұлттық кәсіпкерлер палатасының сұраныстары ескерілген.
Болжамға сәйкес, 2030 жылға дейін Қазақстан экономикасына 883 295 маман қажет болады. Оның ішінде:
• Инженерлік кадрлар – 60% (529 977 адам),
• Педагогика саласы – 21% (185 491 адам),
• Басқа салалар – 19% (167 826 адам).
Қай салаларға қанша грант бөлінді?
Гранттардың бөлінуі елдегі еңбек нарығының сұранысына сай жүргізілді:
• Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары: 20 878 грант
• Педагогикалық ғылымдар: 17 898 грант
• Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар: 12 087 грант
• Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика: 9 188 грант
• Ауыл шаруашылығы және биоресурстар: 3 145 грант
• Қызмет көрсету саласы: 2 400 грант
• Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат: 1 635 грант
• Бизнес, басқару және құқық: 1 423 грант
• Ветеринария: 1 275 грант
Қай мамандықтарда конкурс жоғары?
2024 жылғы Ұлттық бірыңғай тестілеу (ҰБТ) нәтижелері бойынша бірқатар мамандықтарда орынға үміткерлер саны өте жоғары болды:
• Стоматология – бір орынға 35 адам,
• Халықаралық қатынастар – 12 адам,
• Аударма ісі – 10 адам,
• Психология – 9 адам,
• Құқықтану, сызуды оқыту және шет тілдерін оқыту – әрқайсысында 8 адам бір орынға таласады.
Грант алу үшін қандай талаптар бар?
Білім беру гранттары конкурс негізінде беріледі. Үміткерлердің ҰБТ нәтижелерінде Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және екі бейінді пән бойынша жинаған ұпайлары есепке алынады.
— Ұлттық ЖОО-ға түсу үшін – кемінде 65 балл (педагогика, медицина, құқық салаларына жоғары талаптар қойылады).
— Басқа ЖОО-ға түсу үшін – кемінде 50 балл жинау қажет.
— Әр пәннен ең төменгі балл – 5 ұпай.
2025 жылы мектеп бітіретін түлектер саны 216,9 мың адамды құрайды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 30 мыңға көп. 2024 жылы 11-сыныпты 186 мың түлек аяқтап, олардың 7 420-сы “Алтын белгі” иегері атанған болатын.