-Сонымен Есілдің сол жағалауындағы, мына тұрған Мәжілістегі 107 орынтақ үшін нағыз талас ресми түрде басталды. Ал өз еркімен тарап жұмыссыз қалған енді экс-депутаттардың жайлы орнына елімізде заңды түрде тіркелген 7 саяси партия көз тігіп отыр. Тіпті сайлаудың уақыты нақтыланған бойда, кейбір көлеңкеде жүрген партияларға дереу жан бітіп, дауыстары батыл шыға бастады. Әзірге қатысатындарын мәлімдеп үлгерген Бірлік партиясы мен коммунистер.
Ал мерзімінен бұрын сайлау өткізуден тәжірбиесі мол Орталық сайлау комиссиясының тағы жұлдызды сәті туды. Қазір мұнда нағыз қарбалас. Бюллетендер дайындалып, отандық және шетелдік тілшілер хабар тарататын баспасөз орталығы жасақталып, мінбер қойылып, компьютерлер интернетке қосылып жатыр. Енді алдағы екі ай бойы телеэкраннан түспейтін Қуандық Тұрғанқұлов бүгін қосшыларын ертіп, сайлаудың әділ өтуіне күш саламыз деп мәлімдеді.
Қуандық Тұрғанқұлов, Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:
-Және демократия талаптарына сай,сондай-ақ, Республика Конституциясына сай, ұлттық сайлау заңнамасына және халықаралық талаптарға сәйкес етеміз.
Депутаттықтан әркімнің-ақ бар таласы. Яғни, жасы 25-ке толған, 10 жыл Қазақстанда тұрған, сотталмаған, жемқорлық дауына ілекпеген ары таза азаматтың жолы болса, заң шығарумен айналыса алады. Ал партиялық тізім бойынша, кандидаттарды ұсыну бүгіннен басталып ақпанның сегізіне дейін созылса, тіркеу 19-шы ақпанға дейін. Ертеңінде төменгі палатадан үміттілердің үгіт насихаты басталып, халықтың даусы үшін талас 18-ші наурызға дейін жалғасады.
Ләззат Сүлеймен, Орталық сайлау комиссиясының мүшесі:
-Мәжіліске өту үшін біздің еліміздегі саяси партия халықтың кем дегенде 7 пайыз даусын алуы керек. Оны уақыт көрсетеді, 20- шы наурыздағы халықтың дауыс беруі көрсетеді.
Ал әр партия бәйгеге қосатын жүйріктерінің әрқайсысы үшін 343 мың алғашқы жарна төлеуге міндетті. Қаржы демекші, Мәжіліс пен жергілікті мәслихат депутаттарының сайлауына бюджеттен 8 миллиард теңге бөлінген. Негізі 12 миллиард жұмсалуы тиіс еді. Бірақ, Орталық сайлау комисиясы қос сайлауды біріктіру арқылы, 4 миллиард 800 миллионды үнемдедік дейді.
Орталық сайлау комиссиясының айтуынша, бұл шығыны аз дода болғалы тұр. Ал депутаттық мандаттан дәмелі партиялар қазір құрылтай уақытын белгілеп, кандидаттарының тізімін жасап, жалынды ұрандарын жаттап, халыққа ұсынар бағдарламаларын жазып жатыр. Айтпақшы, партия жетекшілерінің арасында теледебат та өтеді.