Руслан Омаров, «Первое кредитное бюро» ЖШС бас директоры:
— 2015 жылға дейін біз банкке тек клиенттің салық үшін берешегі бар-жоқтығы туралы мәлімет беретінбіз. Енді биылдан бастап коммуналдық қарызы туралы да баяндап отырмақпыз. Осылайша банк несие алушының қаншалықты сенімді адам екенін білетін болады.
Бұл шара ең бірінші Алматы тұрғындарына қатысты қолданылмақ. Өйткені коммуналдық қарызды төлемей жүре беретіндер оңтүстік астанада тым көп. Есесіне, бәрі де несие алғыш. Ал қалада соңғы 3 айдың өзінде тұрғындардың суға берешегі 200 миллион теңгеге жеткен. Ал кәріз жүйесі үшін алынуы тиіс ақша 600 миллионға жуықтаған. Бұл қарызды тіпті сот арқылы да өндіріп алу мүмкін болмай тұр. Сондықтан несие бюросының бастамасын коммуналдық мекемелер қос қолын көтеріп қолдауда. Осындай шарадан кейін жұрт коммуналдық қарызға немқұрайлы қарауын қояр деген үмітте. Әрі мұндай ақпарат банкке де тиімді болмақ. Десе де мәселенің екінші жағы бар. Бұдан былай қарызы бар тұрғындар туралы барлық ақпарат банктер емін-еркін алатын болады. Жеке басқа қатысты мәліметтің әркімнің қолында жүргенін жұрттың қаламасы анық. Тек тұрғындардың пікірімен ешкім санасқалы отырған жоқ.
Махамбет Жанұзақов, Алматы қаласы сумен қамтуды реттеу қызметінің басшысы:
-Біз борышкерлермен 3 бағыта күресеміз. Бірінші оларды тұтыну құқығынан шектейміз. Яғни, ортақ су желісінен ажыратамыз. Екінші сотқа тартамыз. Үшінші көршілеріне де шектеу қоямыз. Бірақ қарызды бәрібір толық төлету мүмкін емес. Сондықтан бұл бастаманы қолдаймыз. Несие бюросына ай сайын мәлімет беріп отырауға келісеміз.