Елімізде зейнетақы активтерін бағалаудың жаңа әдістемесіне көшуге байланысты кері көрсеткішті кірісі бар зейнетақы қорлары пайда болды - kaz.caravan.kz
  • $ 446.49
  • 475.38
+11 °C
Алматы
2024 Жыл
20 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Елімізде зейнетақы активтерін бағалаудың жаңа әдістемесіне көшуге байланысты кері көрсеткішті кірісі бар зейнетақы қорлары пайда болды

Елімізде зейнетақы активтерін бағалаудың жаңа әдістемесіне көшуге байланысты кері көрсеткішті кірісі бар зейнетақы қорлары пайда болды

Елімізде биылғы жылдың 2-маусымынан бастап зейнетақы активтерін бағалаудың жаңа әдістемесіне көшуге байланысты кері көрсеткішті кірісі бар зейнетақы қорлары пайда болды. Осыған байланысты бүгін, 29-шілдеде баспасөз мәслихатын өткізген Халықтық банк Зейнетақы жинақтаушы Қорының басқармалары төрағасының орынбасары Нұржан Әлимұханбетов пен Халықтық банктің зейнетақы активтерін басқару жөніндегі Компаниясы басқармаларының төрағасы Алмат Әлисұлтанов журналистермен пікір бөлісті.

  • 29 Шiлде 2003
  • 815
Фото - Caravan.kz

Атап айтсақ, Н.Әлимұханбетовтың пікірінше, мұндай жағдай Зейнетақы жинақтаушы Қорлардың бес жыл бойы жетілдірілмеген осал әдістемені басшылыққа алуына байланысты. Соның салдарынан бұл әдістеме бірқатар қорларды өздеріне салымшылар тарту мақсатымен кіріс ставкасын жасанды өсіріп көрсетуге итермелеп келді.

Бұл орайда жоғары кірістілік деңгейін қор жұмысын бағалаудың басты әрі бірден-бір критерийі ретінде жариялау үрдісі белең алды. Ал шын мәнінде бұрынғы әдістеме зейнетақы активтерінің нақты құнын айғақтап көрсете алмайтын.
Халықтық банк Зейнетақы жинақтаушы Қорындағылардың пайымдауынша, кірісті бағалаудың нарықтық үлгісіне көшу нәтижесінде ендігі жерде салымшы бұл коэффицентке қорды таңдау барысында нақты сүйене алады.
А.Әлисұлтановтың айтуынша, жаңа әдістемені қолданысқа енгізу — қандай да бір зейнетақы жинақтаушы қордың инвестициялық стратегиясын обьективті бағалауға мүмкіндік береді. Бұл орайда ол әдістеменің әлі де кемшін тұстары барлығын, оны арылту мәселесімен Ұлттық банк, Қазақстан қор биржасы мен Зейнетақы активтерін басқару жөніндегі Қауымдастық секілді мекемелер айналысып жатқанын хабарлады. Атап айтсақ, Қазақстанның еурооблигациялары мен корпорациялық бағалы қағаздарының котировкасына қатысты бірқатар сауалдар әлі де туындап отыр.
«Бағалы қағаздар рыногінің әлі де кемеліне келіп дами алмауына байланысты котировкалық бағамен әлі де манипуляциялық әрекеттер жасауға болады»,- деді А.Әлисұлтанов.
Дүниежүзілік тәжірибеде инвестициялық қоржынның кіріс деңгейін бағалау үшін инвестициялық активтердің нарқы бағалы қағаздардың қор биржасындағы құнына сәйкес бағаланады. Биржадағы котировка нарықтағы тәуекел деңгейінің айнасы болғандықтан сол котировкаға сәйкес бағалы қағаздардың құны қымбаттап немесе арзандап отырады.
Халықтық банктің Зейнетақы жинақтаушы Қоры Қазақстандағы зейнетақы қызметтері рыногіндегі жетекші компанияға саналады. Үстіміздегі жылдың бірінші жартысындағы қорытынды бойынша, қордың активтері 75,360 млрд. теңгеге, инвестициялық кірісі 19,823 млрд. теңгеге жетіп, 4,111 млрд. теңгенің зейнетақы төлемдері жасалды. Қор салымшылары еліміздегі 50 мыңнан астам кәсіпорын мен ұйымда жұмыс істейтін 995 611 адамды құрайды.

Соңғы жаңалықтар